Павлодар облысында құқық бұзуға бейім азаматтар тексерілді

Павлодар облысында құқық бұзуға бейім азаматтар тексерілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

33 әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, аналық пен балалықты қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін нығайту мақсатында 27 тамыздан облыс аумағында «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы өткізілуде.

– 10 күн ішінде полиция қызметкерлері тұрмыста құқық бұзуға бейім 2500-ден астам адамды тұрғылықты жерінде тексерді. Оның ішінде полиция органдарында тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны үшін профилактикалық есепте тұрғандар, сондай-ақ алкогольдік ішімдіктер мен есірткі заттарын пайдаланатындар да бар, – деп хабарлайды облыстық полиция департаментінде.

Осы кезеңде 21 қорғаныш нұсқамасы шығарылып, 8 құқықбұзушыға қатысты ерекше талаптар белгіленді, тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша 33 әкімшілік іс қозғалды.

Мысалы, Павлодар ауданының бір ауылында ер адам бұрынғы жұбайына отбасы жанжалын шығарып, оған балағат сөздер айтқан.

Тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзғаны үшін ол туралы әкімшілік хаттама толтырылып, Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Сот шешімімен оған 10 тәулікке әкімшілік қамау және қорғаныш нұсқамасы тағайындалды.

Полиция қызметкерлері еске салады: егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, «102» нөміріне қоңырау шалып, оқиға туралы хабарлаңыз.