Павлодар облысында құқықтық сауаттылықты арттыратын ауқымды квест ұйымдастырылды
Іс-шараға 1500 оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз қаласында 7–11 сынып оқушыларына арналған, 1500 баланы қамтыған «Заң және тәртіп» өңірлік құқықтық квесті өтті. Ол қалалық прокуратурамен бірлесіп білім беру бөлімі тарапынан «Адал азамат» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Іс-шара жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығы мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
«Самғау» балалар шығармашылық орталығы базасында бір мезгілде тоғыз интерактивті құқықтық алаң жұмыс істеді. Практикалық ойын форматында оқушылар сот процесін модельдеуге, құқықтық дебаттарға, зияткерлік баттлдарға, хакатонға, психологиялық тренингтерге, сондай-ақ қала прокурорымен тікелей эфирге қатысты. Әр алаңда балалармен прокуратура және полиция өкілдері жұмыс істеп, нақты өмірлік жағдайларды талдап, салмақты шешім қабылдауға бағыт-бағдар берді.
Квесттің басты ерекшелігі – оның практикалық бағыты болды: қатысушылар дәріс тыңдаумен шектелмей, нақты әрекет етті, кейстерді талдады, өз ұстанымдарын дәлелдеді, топпен жұмыс істеп, құқықтық білімдерін іс жүзінде қолданды.
Жиналған материалдар мен алынған тәжірибе алдағы уақытта облыс мектептерінде кеңінен қолданылып, жобаның аясын кеңейтуге және құқықтық ағартуға одан да көп балаларды тартуға мүмкіндік береді.