Павлодар облысының ішкі істер органдарына түсу үшін түлектерді қалай тартады?
Оқыту ІІМ-нің төрт жоғары оқу орнында жүзеге асырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Данияр Бек мәлім етті.
– Үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз, жастармен кездесеміз. Мысалы, бір күнге оларды полиция бөлімдеріне шақырып, ғимаратты көрсетеміз, жұмысымыз туралы айтамыз. Егер оқушыларда тілек болса, тергеушімен немесе учаскелік қызметкермен бірге бір күн өткіземіз. Көп жыл еңбек еткен, тәжірибесі мол ардагерлермен де кездесу ұйымдастырамыз, – деді Данияр Бек. – Жалпы жастардың қызметке баруға ынтасы бар.
Оның сөзінше, жастар арасында жүргізіліп жатқан кәсіптік бағдар беру жұмыстарының нәтижесінде 2023 жылдың басынан бастап 315 үміткер іріктелді, оның ішінде 207 оқудан өтіп, лауазымдарға тағайындалды, 36 -сы бастапқы даярлық курстарына қабылданып, білім алуда.
– Мектепті бітірген оқушылар кез келген ішкі істер органына келіп, сол жерде кадрлық қызметке жүгіне алады. Оған әрі қарай қайда оқуға түсуге болатынын толық түсіндіреді, – деді Данияр Бек.
Ішкі істер органдары үшін кадрлар даярлау ІІМ-нің М. Есболатов атындағы ҚР ІІМ Алматы академиясы, Б. Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясы, Ш. Қабылбаев атындағы ҚР ІІМ Қостанай академиясы, М. Бөкенбаев атындағы ҚР ІІМ Ақтөбе заң институтында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Шымкент, Павлодар, Қарағанды қалаларында оқу орталықтары бар.
– Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға орта білімі бар, он алты жасқа толған адамдар қабылдана алады. Конкурсқа қатысу үшін ҰБТ бойынша кемінде 50 балл, оның ішінде әрбір пән бойынша кемінде бес балл жинау қажет, – деді спикер.
Түлектер «Динамо» ДСҚ негізінде дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсырады. Қабылдау медициналық, физикалық, психофизиологиялық көрсеткіштер бойынша іріктеу нәтижелерін ескере отырып, талапкерлердің ҰБТ сертификатының балдарына сәйкес конкурс бойынша қабылдау комиссиясының отырысында өткізіледі. Мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуға қабылданғандар жабдықталған жатақхана, шәкіртақы, тамақпен, заттай қамтамасыз етіледі.