Павлодар облысының қаржылық дербестігі не бермек?
Павлодар облысы 2028 жылға қарай толық қаржылық дербестікке қол жеткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук мәлімдеді. Оның айтуынша, өңір өз шығындарын толықтай өз кірістері есебінен қаржыландырып, республикалық бюджеттен тәуелділіктен арылмақ.
– Қаржылық дербестік жергілікті басқарудың тиімділігін арттырады. Облыс бюджеті өңірдің нақты қажеттіліктеріне сай қалыптастырылып, халықтың мәселелеріне жедел жауап беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жеделдейді, – деді Ирина Назарчук.
Соңғы жылдары облыстың республикалық бюджетке тәуелділігі айтарлықтай азайған. Мәселен, 2019 жылы бұл көрсеткіш 51,9% болса, 2025 жылы 30,5%-ға дейін төмендеген. Ал 2026 жылы – 4,4%, 2027 жылы 1%-дан төмен деңгейге дейін қысқарады деп күтілуде.
Бұл ретте республикалық қаражаттың орнын жергілікті кірістер толықтырып отыр. Бюджет құрылымы әлеуметтік бағыттылығын сақтауда. Соңғы жылдары білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларына жұмсалатын шығындар жалпы бюджеттің 50%-дан астамын құрайды.