Павлодар облысының үздік педагогтері ұлықталды
Шаһардағы Естай атындағы мәдениет сарайында Ұстаздар күніне арналған «Ақыл. Ізгілік. Мәңгілік» атты салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірдің ардагер ұстаздары, педагогтер, білім беру ұйымдарының өкілдері қатысқан мерекелік жиында ұстаздардың қоғамдағы айрықша рөлі атап өтілді.

– Ел Президенті «Ұлт болашағы – ұстаздың қолында» деп атап өтті. Қандай заманауи уақыт болса да, балаларымызға бағыт-бағдар беретін ұстаздың орны әрқашан биік. Бүгінгі мектеп қабырғасындағы шәкірттер – ертеңгі ғалым, дәрігер, инженер, кәсіпкер, мемлекет және қоғам қайраткерлері. Сондықтан жанқиярлық еңбектеріңіз үшін баршаңызға бас иіп, алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Өңір басшысы Павлодар облысының білім беру саласындағы жетістіктеріне де тоқталды. Оның айтуынша, облыс мектептеріндегі жоғары оқу үлгерімі мен ҰБТ нәтижелері – педагогтер еңбегінің нәтижесі ғана емес, сонымен бірге алдағы міндеттерге жүктелетін үлкен жауапкершілік.

Бүгінде облыстың білім беру ұйымдарында 22 мың педагог еңбек етеді. Олардың кәсіби еңбегін бағалау мақсатында салтанатты шара барысында бірқатар мемлекеттік және салалық марапаттар табысталды. Жалпы, мерекелік жиында 47 педагог марапатталды.
Білім беру саласына қосқан елеулі үлесі және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін Құрмет орденімен Павлодар қаласының Кенжекөл жалпы орта білім беру мектебінің география пәнінің мұғалімі Майя Құдайбергенова мен Павлодар қаласының №3 дарынды балаларға арналған гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Инна Назарова марапатталды.

– Бұл – менің алғашқы марапатым. Ұстаз үшін осындай жоғары марапатқа ие болу, Президенттің көп жылғы еңбегіңді бағалап, арнайы құттықтауы – сөзбен айтып жеткізгісіз үлкен қуаныш әрі ерекше толқыныс. Әрине, бұл марапатты мен үшін 33 жылдық еңбегіме берілген жоғары баға деп қабылдаймын, – дейді Инна Назарова. – Осы жылдар ішінде талай буын шәкірт тәрбиелеп, олардың әрқайсысынан өзіндік бір ерекшелік көрдім. Жалпы, балалар ешқашан өзгермейді деп ойлаймын. Олар әрдайым жарқын, қалыптан тыс ойлайтын, ізденімпаз әрі креативті. Балалардың ерекшелігі де осында. Әр ұрпақ өзінше жаңашыл, өзінше ерекше. Сондықтан ұстаз үшін әр шәкіртпен жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік әрі қызықты жұмыс.

Кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен мараптталған Павлодар қаласының Дарынды балаларға арналған №3 гиназиясының неміс тілі мұғалімі Ғалия Байғожинова да ұстаздық қызметте 32 жыл аянбай еңбек етуде.
– Біз қолданатын барлық технологиялар мен әдіс-тәсілдердің басты мақсаты – оқушыны дамыту. Өйткені ең маңыздысы – тұлға. Біздің оқушыларымыздың мотивациясы әрдайым жоғары. Себебі бүгінгі таңда бірнеше тіл білу үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Балалардың неміс тіліне деген қызығушылығы да жоғары. Неміс тілін білу үлкен мүмкіндіктер береді. Мысалы, осы тілді меңгеру арқылы неміс тілінде сөйлейтін бес мемлекетте білім алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, шетелдік компанияларда жұмыс істеуге, кәсіби тұрғыда дамуға, мансап құруға мүмкіндік береді, – дейді Ғалия Байғожинова.

Салтанатты шара соңы ұстаздарға арналған мерекелік концертке ұласты. Кеш барысында өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар ән айтып, би билеп, ұстаздарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік бағдарламада ұстаз еңбегіне деген құрмет пен жылы лебіздер ән-жыр арқылы жеткізілді.