Павлодар облысының ауылдарында телемедицина қалай енгізілуде?

Павлодар облысының ауылдарында телемедицина қалай енгізілуде?
Константин Шелковтың фотосы

Emdeu деп аталатын платформа тексерістен сәтті өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жаңа пилоттық жоба іске қосылды. Жоба аясында созылмалы аурулармен диспансерлік есепте тұрған науқастарға – қант диабеті мен артериялық гипертонияға шалдыққан азаматтарға қашықтықтан медициналық кеңес алу мүмкіндігі жасалды.

Арнайы мобильді қосымша арқылы пациенттер өз денсаулығының көрсеткіштерін – қан қысымы мен қант деңгейін енгізіп отырады. Дәрігер бұл мәліметтерді онлайн көріп, қажет болса емдеу тактикасын түзетеді. Осылайша, дәрігер мен науқас арасындағы байланыс үзілмей, әрбір өзгеріс уақытылы бақылауға алынады.

– Пациент алғашқы рет диспансерлік есепке алынған кезде оның жағдайын алғашқы аптада қадағалау өте маңызды. Жаңа дәрілердің әсері қалай болып жатқанын білу үшін күнделікті қан қысымы мен қант деңгейін бақылау қажет. Бұл платформа сол процесті жеңілдетеді, – дейді Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков.

Қазіргі таңда телемедицина негізіндегі бұл пилоттық жоба Павлодар ауданы мен Аққулы ауданында жүзеге асырылып жатыр.

Аққулы аудандық ауруханасының емхана меңгерушісі Ернар Қасеновтің айтуынша, бастама 21 шілдеден бастап қолға алынып, алғашқы айда 30-дан астам бейнеконсультация өткізілген.

– Жоба барысында 13 қашықтықтан кеңес берілді. Оның ішінде алты пациент созылмалы аурулармен есепте тұрған, үш балаға педиатрлық көмек көрсетілді, ал бір балаға иммунопрофилактикаға қатысты екпе тағайындалды. Бұрын мұндай науқастар облыс орталығына баруға мәжбүр болатын, ал қазір аудандық немесе ауылдық медициналық пункттен-ақ бейнекеңес ала алады. Бұл әсіресе қарт адамдарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өте қолайлы, – деді ол.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметековтың айтуынша, жаңа жүйе ауылдағы мамандар тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.

– Қазір өңірде кардиолог, эндокринолог, гастроэнтеролог сияқты тар бейінді дәрігерлер жетіспейді. Әсіресе шалғай ауылдардағы тұрғындар мұндай мамандардың қабылдауына бару үшін жүздеген шақырым жүруге мәжбүр. Телемедицина арқылы науқас өз ауылынан шықпай-ақ білікті кеңес ала алады. Мұндай тәжірибе Швеция сияқты елдерде бұрыннан қолданылады. Біз де осы бағытты дамытуға дайынбыз, – деді басқарма басшысы.

Жоба аясында науқастардың барлық деректері медициналық ақпараттық жүйеде сақталады. Ол Kazakhtelecom компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің талаптарына сай қорғалады. Әрбір пациенттің жеке кабинеті болады және тек өзінің сәйкестендіру нөмірі арқылы кіре алады.

Жыл соңына дейін Павлодар облысының барлық аудандарына бұл тәжірибе енгізілмек. Денсаулық сақтау министрлігі жобаны республикалық деңгейде дамытуды көздеп отыр.

– Біздің мақсатымыз – шалғайдағы елді мекен тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету. Созылмалы аурулары бар адамдар дәрігердің кеңесін уақытылы алса, ауру асқынбайды, ем тиімді болады. Бұл жобаны барлық аудандарға енгізу жоспарда бар, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

Жобаға қатысқан тұрғындардың қосымшаны пайдалану қиындық тудырмайды. Науқастар алғашқыда дәрігерлердің көмегімен қосымшаға тіркеліп, кейіннен өздері деректерін енгізуді үйренген.