Павлодар облысының бес елді мекенінде әкімдер ауысты

Оларды халық дауыс беру арқылы сайлады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласы Жетекші ауылында 739 сайлаушы дауыс берді. Жалпы екі кандидат әкім лауазымына үміткер болған. Сайлау нәтижесінде 39 жастағы Нұрлыбек Әбдірахманов Жетекші ауылының әкімі болып қайта сайланды.
Аққулы ауданының Қарақала ауылдық округінің тұрғындары да жаңа әкімін таңдады. Бұл жерде әкім тағына үш үміткер таласқан. Дауыс берудің қорытындысы бойынша округ әкімі ретінде 47 жастағы Нұржан Ағынов сайланды. Ол Аққулы аудандық экономиканың нақты секторы бөлімінде құрылыс секторының меңгерушісі болып жұмыс істеді. Үміткер үшін 232 дауыс берілді.
Железин ауданында Прииртышск ауылдық округі әкімінің сайлау қорытындылары да белгілі болды. Сайлаушылар тізіміне 587 азамат енгізілді, ал дауыс беруге 346 сайлаушы қатысты. Үш үміткердің арасынан дауыс саны бойынша Прииртышск ауылдық округі әкімінің аппаратының бас маманы, 56 жастағы Серік Нұрмақанов басып озып, әкім болып сайланды.
Ал Ертіс ауданы Голубовка ауылының жаңа әкімін таңдауға 265 сайлаушы қатысты. Нәтижесінде Голубовка ауылы әкімінің аппаратының бас маманы болған Дмитрий Савиных әкім ретінде сайланды. 41 жастағы үміткерді «AMANAT» партиясы ұсынды.
Павлодар ауданында Ольгинка ауылының әкімін сайлау қорытындылары да жария етілді. Дауыс беруге 283 сайлаушы қатысты. Үш үміткер жаңа әкім орнына таласты. Сайлауда 35 жастағы Дәурен Ермек Ольгинка ауылының әкімі болып қайта сайланды.