Павлодар облысының ерекше балалары Астана финалына аттанды
Республикалық кезеңге 80 талантты бала жол тартты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодарда «Тең мүмкіндіктер» балалар инклюзивті фестивалінің облыстық кезеңінің жеңімпаздарын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Елордада өтетін республикалық финалға өңірдің 80 талантты баласы қатысады.
– Фестиваль «AMANAT» партиясының бастамасымен өткізіліп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды біріктіріп, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және өзін-өзі жүзеге асыруға тең мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Іс-шараға «AMANAT» партиясының облыстық филиал төрағасы Асылбек Туғанбай, облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко, сондай-ақ депутаттар Раушан Даумова мен Александр Толмачёв қатысты.

Асылбек Туғанбай өз сөзінде мұндай бастамалар балалардың қабілеттерін ашуға және өздеріне сенім ұялатуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– «Тең мүмкіндіктер» фестивалі – бұл жай ғана таланттар байқауы емес, мейірім мен қолдаудың, әр баланың мүмкіндігіне деген сенімнің мерекесі. Біз өз қатысушыларымызды мақтан тұтамыз және павлодарлықтардың Астанада өңірімізді лайықты таныстыратынына сенеміз, – деді ол.
Сапарды ұйымдастыруға қолдау көрсеткендердің қатарында «Қазақстан алюминийі» АҚ алғашқы партиялық ұйымының төрағасы Виталий Голубенко, облыстық мәслихат депутаттары Дүйсен Мерғалиев, Александр Толмачёв, Серік Садвақасов және Илья Теренченко бар.