Павлодар облысының капиталына 70 миллиард теңгеге жуық инвестиция салынды

Екі айдың экономикалық көрсеткіштері айқындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық статистика департаментінің мәліметінше, 2025 жылғы қаңтар-ақпандағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 69,8 миллиард теңгені, немесе 2024 жылғы сәйкес кезіңімен салыстырғанда 90,4%-ды құрады. Инвестициялардың негізгі көзі болып меншікті қаражат табылады – 56,4 миллиард теңге немесе жалпы инвестиция көлемінің 80,8%-ын алады.
2025 жылғы қаңтар-ақпандағы құрылыс жұмыстарының көлемі 13 миллиард теңгені құрады, нақты көлемінің индексі – 131,6%.
Пайдалануға берілген тұрғын ғимараттардың жалпы алаңы 28071 шаршы метр, немесе 2024 жылғы сәйкес кезіңімен салыстырғанда 112,7%-ды құрады.
2025 жылғы қаңтар-ақпанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 616,2 миллиард теңгені құрады, өнеркәсіп өндірісінің индексі – 103%.
Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда нақты көлемінің индексі – 97,3%, өңдеу өнеркәсібінде – 106%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауда – 101,5%, сумен жабдықтау; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызметінде – 89,9% құрады.
Қызмет түрлері бөлігіндегі өнеркәсіп өндірісінің 56,4% өңдеу өнеркәсібіне, 24,1% – тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға, 18,7% – электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауға, 0,8% – сумен жабдықтау; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою қызметтеріне келеді.