Павлодар облысының МӘМС жүйесіне қандай өзгерістер енеді?
Бүгінде 641 мыңға жуық тұрғын сақтандырылған, бұл өңір халқының шамамен 85 пайызына тең, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КАҚ-ның облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Әсел Оқапованың айтуынша, 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесі әлеуметтік тұрғыдан бейімделеді. Енді жарналар есептелетін табыс базасына жоғарғы шектеу енгізіледі. Олар: жұмыс берушілер үшін – 40 айлық есептік көрсеткіш, ал қызметкерлер үшін 20 айлық есептік көрсеткіш ретінде төленетін болады.
Сонымен қатар, жаңа әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған.
– Егер азамат бес жыл қатарынан тұрақты түрде жарна төлесе, табысын жоғалтқаннан кейін де алты ай бойы сақтандыру мәртебесін сақтай алады, бұрын бұл мерзім үш ай көлемінде ғана еді, – деді ол.
Мемлекет бұдан әрі де жұмыссыздар мен әлеуметтік осал топтар үшін жарнаны өз есебінен төлейді.
Бүгінде бір тіркелген азаматқа арналған бір адам басына шамамен 1675 теңге мөлшерінде белгіленген.
– Егер адам бір жыл ішінде емханаға мүлде жүгінбесе, медициналық ұйым оған бөлінетін қаржының тек 80 пайызын алады – шамамен 1340 теңге. Бұл шара дәрігерлерді халықпен белсенді байланыс орнатуға ынталандырады, – деді Әсел Оқапова.
Бұл жүйе медициналық ұйымдарды профилактикалық тексерулер мен скринингтерге шақыру, тұрғындарды хабардар ету және алдын алу жұмыстарын күшейтуге бағытталған.