Павлодар облысының полицейлері боранда жол сілтеуші болды

Павлодар облысының полицейлері боранда жол сілтеуші болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Екінші тәулік қатарынан полиция қызметкерлері жүргізушілерді қолайсыз ауа райы жағдайлары туралы ескертіп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде ауа райы күрт нашарлады: жаңбыр, сулы қар, көктайғақ, қатты жел және көру мүмкіндігінің шектелуі байқалады.

– Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында автожолдардың барлық учаскелерінде полиция қызметкерлері тәулік бойы жол және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Жүргізушілерден ауа райының өзгерістерін қадағалап, СМС-хабарламаларға мән беруді және жолдар жабылған жағдайда сапарға шықпауды сұраймыз. Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жылдамдықты төмендетіп, арақашықтықты сақтау, күрт маневрлерден аулақ болу және жол белгілерінің талаптарын орындау қажет. Жолдағы сақтық – өзіңіздің және басқа да жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігінің кепілі, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Трассада қалған барлық жолаушыларға полиция қызметкерлері жан-жақты көмек көрсетуде. «Павлодар – Астана» автожолында патрульдік полицияның аға инспекторлары, полиция капитаны Жақсылық Мұсабаев пен полиция аға лейтенанты Темірбек Аманжол қар құрсауында қалған шамамен 10 автокөлікті шығарып, оларды қауіпсіз жерге дейін жеткізді.

Ақтоғай ауданында аға мемлекеттік автоинспектор Дамир Уляев жолды тексеру барысында жол жиегінде тұрған жүк көліктерін байқайды. Бірнеше жүк көлігі жол жиегінде бірнеше сағат бойы тұрған. 

– Ауа райы өте қолайсыз болды: қатты жел, көріну мүлдем жоқ. Ойланбастан жол көрсетіп, жақын маңдағы базаға дейін жүгіріп бардым. Шамамен үш шақырым жүгірдім. Ауа райы жақсарған соң жүргізушілер жолдарын жалғастырады. Ең бастысы – барлығы аман-есен, – деп атап өтті офицер Дамир Уляев.

Ведомствода атап өткендей, полиция қызметкерлері үшін азаматтардың қауіпсіздігі әрқашан басты орында.