Павлодарда көпқабатты үйдің төбесінде жүрген оқушылар анықталды
Балалардың ата-аналарына әкімшілік хаттамалар толтырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының полициясына Назарбаев көшесі, 89-үйдің төбесінде балалардың жүгіріп жүргені туралы хабарланған. Оқиға орнына бірден патрульдік полиция экипажы жіберілді. Полицейлер 10 қабатты ғимараттың шатырында, ең шетінде жүрген жасөспірімдерді анықтады.
– Оқушылардың жеке тұлғалары анықталды, олар қаладағы мектептердің бірінің 8 және 9-сынып оқушылары болып шықты. Жасөспірімдердің айтуынша, подъезде шатырға шығатын есік ашық тұрған, сол себепті қызығушылықпен жоғарыға көтерілген. Бір ғана абайсыз қадам қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін олар ойламаған, – дейді полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.
Балалардың мұндай әрекеті үшін ата-аналарға кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Отбасылармен профилактикалық әңгімелер жүргізілді. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері басқарушы компанияға шатырға шығатын жолды шұғыл түрде жабу туралы нұсқама берді.