Павлодар облысының тұрғыны қыста құтқарған аққуларды мекеніне жіберді
Құстар Сулысор көліне ұшырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бауыржан Жақыпов қыс бойы бағып-қаққан қос аққуды табиғи мекеніне қайта жіберді. Бүгінгі күні құстар толық қалпына келіп, қанаттары жазылды.
Оқиға 14 желтоқсанда басталған еді. Торсықбай көлінде аналық аққудың қанаты мұзға қатып қалған кезде, аталығы оны тастамай, жанында қалған. Қос құсты Бауыржан Жақыпов әкесімен бірге тауып, аман алып қалады. Осы сәттен бастап олар құстарды төрт жарым ай бойы өз қамқорлығына алған.
Қыс мезгілі оңай болмаған. Күн сайын күтім жасап, олардың жағдайын бақылап, амандығына алаңдау үлкен жауапкершілік жүктеген. Бауыржан бұл уақыттың ең қиыны – моральдық тұрғыда шаршау болғанын айтады. Соған қарамастан, ол қыста әлеуметтік желіде құстарға қамқор болатынын айтып уәде беріп, көктемде аққуларды табиғатқа қайта жіберуге шешім қабылдаған.
– Қыста Instagram әлеуметтік желісінде уәде берген едім – көктемде табиғатқа жіберемін деп. Сол сөзімде тұрдым. Аққулардың жағдайы жақсы, қанаттары толық жазылды. Оларды үйден алыс емес жерге жібердік, қазір өзен бойында жүр, – деді Бауыржан Жақыпов.
Аққуларды ұшыру сәті де ерекше болған. Алдымен әкесі біреуін суға жіберсе, екіншісін Бауыржан өзі ұшырған. Табиғатқа шыққанда аналығы жағалауға жақын жүріп, бірден үйренісе алмаған. Ал аталығы болса, бірден көлдің ортасына қарай ұшып барып қонған.
Бауыржан аққулармен толық қоштаспайтынын айтады. Оның айтуынша, жаз бойы барып, оларды бақылап тұрады. Алыстан-ақ өз құстарын танитынына сенімді.
Айта кету керек, бұл өткен қыста қалып қойған аққулардың жалғыз оқиғасы ғана емес. Бұған дейін Маралды ауылының тұрғындары да қыста қалған аққуды байқап, орманшыларға хабар берген. Кейін оның Қазақстанның Қызыл кітабына енген сыбырлақ аққу екені анықталған.