«Ханша Дария», «Шыңырау», «Күй»: Павлодарлық оқушылар Әбіш шығармаларын жатқа айтты
Байқауға қала мен аудандардан барлығы 116 оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласы білім бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Павлодар дарыны» орталығының ұйымдастыруымен өткен байқауда қатысушылар төрт бағыт бойынша белгілі мемлекет қайраткері және жазушы Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы туралы білімдерін сынға салды.
– «Иллюстрация» бағытына 26 оқушы қатысып, № 2 ЖОМ 10-сынып оқушысы Азиза Бауыржан І орынды иеленді. Ол Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау», «Күй», «Шандос» шығармаларына өз иллюстрацияларын ұсынды. «Мәнерлеп оқу» бағытына 25 оқушы қатысып, Қ. Бекқожин атындағы ЖОМ 9-сынып оқушысы Әдия Шәкәрімова иеленді. Ол «Ханша Дария» прозасынан үзіндіні жатқа оқыды, – дейді бөлімде.
Сондай-ақ, «Зерттеу жұмысы» бағытының 14 қатысушысының ішінен І орынды № 33 ЖОМ 10-сынып оқушысы Дария Оразбек иеленді. Ол «Әбіш Кекілбаевтың шығармаларындағы ұлттық құндылықтарды, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды дәріптеу» атты жұмысын таныстырды.
Ал «Сахналық қойылым» бағытында оқушылар командалары сахналық шеберліктерін көрсетті. «Аңыздың ақыры үшін» романынан қойылым ұсынған № 25 ЖОМ командасы жеңімпаз атанды.
Байқау қорытындысы бойынша 63 қатысушы жүлделі орындарға ие болды, оның ішінде I орын - 8 оқушы, II орын - 21, III орын - 34. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері Павлодар қаласы білім бөлімінің түрлі деңгейдегі дипломдарымен марапатталды.
Байқау жеңімпаздары наурыз айында облыстық кезеңге қатысады.