Павлодарлық мектеп командасы он жыл бойы облыста үздік атанып келеді

Павлодарлық мектеп командасы он жыл бойы облыста үздік атанып келеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Екі жыл ішінде облыстық пәндік олимпиадада 71 медальге қол жеткізілді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

– Оның ішінде 12-сі –  алтын, 24-і – күміс, 35-і – қола. Республикалық кезеңде 11 жүлделі орын бар. Оның ішінде үшеуі – алтын, үшеуі – күміс, бесеуі – қола.  10 жыл бойы мектеп оқушыларының олимпиадалық командасы облыста үздік атанып келеді, – деп жазды қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин.  

Сондай-ақ ол мұғалімдер қалалық, облыстық республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүргенін атап өтті. 

– Білім беру бөлімінің командасы көптеген жобаларды жүзеге асырды. Кадрлық резерв құрылды, үш балабақша жаңартылды, үш мектепке толық күрделі жөндеу жүргізілді, буллингке қарсы іс-қимыл бойынша кешенді жоспар әзірленді, тамақтану мониторингісі бойынша жұмыс қайта қаралды, – деді бөлім басшысы. 

Айта кетерлігі, былтырғы олимпиаданың қалалық кезеңіне Павлодар қаласының 42 жалпы білім беретін мектебінен 9-11-сыныптардың 747 оқушысы қатысты. Жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиада екі күнде жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша өтті. 

Олимпиада жеңімпаздары 2024 жылдың қаңтар айында облыстық кезеңге қатысады.