Павлодар театрының басшысы: Ұлттық құрылтай мәдениет пен өнерге жаңа серпін берді

Павлодар театрының басшысы: Ұлттық құрылтай мәдениет пен өнерге жаңа серпін берді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда мәдениет пен өнер саласын дамыту, оның ішінде театрлардың жағдайын жақсарту мәселелері айтылды. Бұл туралы Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының басшысы Арман Темірбекұлы пікір білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы өз сөзінде мәдениет пен өнерді мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттарының бірі ретінде атап өтті.

– Қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл – ақиқат. Сондықтан руханият мәселелеріне айрықша көңіл бөлінеді деп отырмыз, – деді театр басшысы.

Спикер құрылтай аясында театр саласына қатысты бірқатар маңызды шешімдер жарияланғанын атап өтті. Атап айтқанда, Қызылорда қаласында жаңа театр ғимараты салынатыны, Алматыдағы М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының құрылысы аяқталатыны, сондай-ақ Ақтөбе мен Шымкент қалаларында ірі театрлардың бой көтеретіні айтылған.

Сонымен қатар, Арман Темірбекұлы театрлардың дамуы тек ғимаратпен шектелмеуі тиіс екенін жеткізді.

– Ең басты мәселенің бірі – кадр мен жалақы. Жас мамандар оқу орнын бітіріп, театрға келген соң еңбекақының төмендігін көріп, басқа салаға кетіп жатады. Алдағы уақытта жалақы, баспана мәселелері шешіледі деген үлкен үмітіміз бар, әсіресе облыстық театрларға жақсы көңіл бөлінеді деп сенеміз, – деді ол.

Спикердің айтуынша, қабылданып жатқан бастамалар өнер саласындағы мамандарға серпін беріп, театрлардың жаңа қарқынмен дамуына жол ашады.

Айта кетейік, бүгін Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтай өтті. Жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәдениет пен руханиятты қолдау мәселелері қаралды. Құрылтайда Мемлекет басшысы бірқатар стратегиялық бастамаларды жариялады.