Павлодарда қызылша ауруы азайып, вирустық инфекция көбеюде
Барлық екпе түрінен бас тартулар жылдан-жылға көбейіп келе жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Almaz Medical Group» медициналық орталығының педиатр дәрігері Жанар Сыздықованың айтуынша, аталмыш емханаға тіркелгендердің арасында екпеден бас тарқандардың саны - 2500-3000 жуық.
– Барлық екпе түрінен бас тартулар жылдан-жылға көбейіп келе жатыр, – дейді Жанар Сыздықова. – Бүгінгі күні біздің емханада қызылша ауруы біраз азайып, вирустық инфекция бас көтеруде. Біз ата-аналармен аптасына бір рет иммунологиялық комиссия шақырып, бөлім меңгерушілерімен, эпидемиологтарпен, санитарлық қорғау қызметкерлерімен жеке-жеке жұмыс жүргіземіз.
Сондай-ақ, дәрігер екпелерді алғаннан кейін қандай аурулардың алдын алуға болатынын айтып, екпелерді алмаған жағдайда бала ауырып қалса, қандай асқынулардың болуы мүмкін екенін ескертті. Осындай жұмыстардың нәтижесінде екпеден бас тартқан ата-аналар көзқарастарын өзгертіп, алты айдан кейін екпе салуға келісім беруде.
Аталмыш медициналық орталықта бүгінгі күні қызылшамен 45 бала ауырған. Олардың барлығы емдеуден өтті.
– Вирустың алғашқы белгілеріне дене қызуының көтерілуі, содан кейін, үш немесе төрт күннен кейін баланың бетінде, мойын, құлақ артында бөртпелер пайда болуы жатады, – дейді спикер. – Сонымен қатар, әлсіреу, бастың ауруы, мұрын бітелуі, құрғақ жөтелдің пайда болуы қызылшаның алғашқы белгілері болып табылады.
Еске сала кетейік, облыс бойынша жалпы аурудың 50 пайызы - Павлодарда, 313 жағдай - Ақсуда, 328 жағдай - Екібастұзда. Ауылдық елді мекендер арасында ең жоғары ауру Баянауыл ауданында тіркелген - 62 жағдай.