Павлодарда полицияның қызметтік техникасы мен жабдықтары ел назарына ұсынылды
Тұрғындар сирек көрсетілетін техникаларды тамашалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ашық аспан астында ұйымдастырылған көрмеде полицияның әртүрлі бөлімдерінің мамандары өз жұмыстарының ерекшеліктері туралы айтып берді.


Көрмеге келушілердің ерекше назарын жедел-криминалистикалық басқарманың жылжымалы зертханасы аударды. Бұл арнайы көлік қылмыс орындарында дәлелдемелерді анықтау мен бекітуге арналған.
– Бұл – біздің криминалистикалық зертхана көлігіміз. Осы арнайы көлікпен оқиға орындарына шығып, іздерді анықтау, бекіту және оқиға орнын қарау жұмыстарын жүргіземіз. Зертхана жарықпен, сумен жабдықталған. Сонымен қатар, оқиға орнын қоршау үшін арнайы жылжымалы қалқа бар, – дейді облыстық полиция департаменті жедел-криминалистикалық басқармасының криминалисі, полиция капитаны Алмаз Сапарғалиев.
Полиция капитанының айтуынша, криминалистер ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша шақыртуларға шығып, саусақ іздері, аяқ киім іздері мен өзге де заттай дәлелдемелерді жинаумен айналысады. Қажет болған жағдайда мамандар облыстың кез келген ауданына бара алады.
Көрмеде арнайы мақсаттағы бөлімшелердің техникасы да қойылды. Солардың бірі – Қазақстанда құрастырылған «Арлан» көпфункционалды брондалған көлігі. Бұл техника күрделі және қауіпті операциялар кезінде пайдалануға арналған.

Арнайы жасақ бөлімінің өкілі, полиция майорының сөзінше, көлік толықтай броньмен қорғалған, минадан қорғаныс жүйесімен және автоматты өрт сөндіру құрылғысымен жабдықталған.
– Көліктің жоғарғы бөлігінде арнайы люк орналасқан. Қажет болған жағдайда қаруланған қызметкерлер осы люк арқылы бақылау жүргізіп немесе арнайы тапсырмаларды орындай алады. Сонымен қатар, көлік 360 градусқа шолу жасайтын бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, – деді арнайы бөлімше өкілі.

Арнайы техникамен қатар тұрғындарға полиция бөлімшелерінде қолданылатын қару-жарақ пен тактикалық жабдықтар да көрсетілді. Арттех қару-жарақ қоймасының меңгерушісі Тимур Тимощенко бөлімшенің арсеналындағы қарулардың мүмкіндіктері туралы айтып берді.
– Қару-жарақ құрамында қол гранатаатқыштары, снайперлік винтовкалар, автоматтар мен қызметтік тапаншалар бар. Арнайы операцияларда помпалы мылтықтар да қолданылады. Ал қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде көбіне резеңке оқтар пайдаланылады, – деді ол.

Көрмеде арнайы жасақ қызметкерлерінің қорғаныс киімдері, қалқандары, дулығалары мен көпқабатты ғимараттарда жұмыс істеуге арналған альпинистік жабдықтары да ұсынылды.

Мерекелік бағдарлама аясында Ішкі істер министрлігі оқу орталығы ұйымдастырған «Қызмет және мамандық» фотокөрмесі де көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияда болашақ полиция қызметкерлерінің оқу процесі, атыс және дене даярлығы сабақтары, алғашқы медициналық көмек көрсету жаттығулары мен төтенше жағдайлар қызметімен бірлескен тәжірибелік сабақтар бейнеленген.
– Көрменің негізгі мақсаты – қала тұрғындарына полиция қызметкері мамандығының маңыздылығын көрсету, болашақ полиция қызметкерлерінің қалай даярланатынын таныстыру және құқық қорғау органдарындағы қызметтің ерекшеліктері туралы кеңірек ақпарат беру, – дейді ІІМ оқу орталығының полиция подполковнигі Әсем Жұпаева.

Шара барысында патрульдік полицияның қызметтік көліктері де таныстырылды. Патрульдік полиция ротасының инспекторы, полицияның аға лейтенанты Нұрасыл Айкенов өзінің бала күнгі арманы бүгінгі мамандығына жол ашқанын айтты.
– Сол кезден бастап өзіме полиция қызметкері болуды мақсат етіп қойдым. Бүгінде сол арманымды жүзеге асырып, ел қауіпсіздігі үшін қызмет етіп келемін, – деді ол.

Мерекелік көрме тұрғындарға полиция қызметінің күнделікті жұмысы мен техникалық мүмкіндіктерін жақыннан танып-білуге мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар құқық қорғау органдарының ашықтығын арттырып, жастардың полиция мамандығына қызығушылығын күшейтуге ықпал етеді.