Павлодарда жылыту маусымы штаттық режимде өтуде

Павлодарда жылыту маусымы штаттық режимде өтуде
Фото: istockphoto.com/JulPo

Маусым басталғалы әкімдікке павлодарлықтардан бес өтініш келіп түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалада жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында арнайы жиын өткізілді. Жиында жылу желілерінің және барлық жылу электр орталықтарының жұмысы қаралып, қазіргі таңда олардың қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғаны атап өтілді.

– Жылыту маусымы – жедел шешімдер қабылдауды және күнделікті бақылауды талап ететін маңызды міндет. Азаматтардан келіп түскен өтініштердің барлығы сол күні қаралуы тиіс. Әрбір шағым бойынша мамандар басқарушы компаниялармен бірге көрсетілген мекенжайға барып, ішкі жылу жүйелерін реттеу жұмыстарын жүргізеді, – деді қала әкімі Хасар Хабылбеков.

Қалада жылу беру мәселелерін бақылау мақсатында 10 комиссия жұмыс істеп тұр. Тұрғындар өтініштерін әкімнің Instagram парақшасының жеке хабарламалары арқылы немесе тұрғын үй инспекциясы бөліміне жолдай алады. Комиссия мәселені тексеріп, қажетті жедел шараларды қабылдайды.

Айта кетейік, жылыту маусымының өту барысы облыс әкімі Асайын Байхановтың жеке бақылауында.