Павлодар облыстық «Ertis» телеарнасы 60 жылдық мерейтойын атап өтті
Мерейтойға орай ұйымдастырылған салтанатты шарада аймақ басшылығы, ақпарат саласының ардагерлері мен қазіргі журналистер бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodanews.kz тілшісі.
Павлодар өңірінің басты ақпарат құралына айналған облыстық «Ertis» телеарнасының тарихы 1961 жылдан бастау алған. Сол жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен қалада телеорталық салу туралы қаулы қабылданып, көктемде телемұнара құрылысы басталды. Ал 1965 жылдың 7 қарашасында Павлодар телестудиясы алғаш рет эфирге шығып, жергілікті хабар тарату дәуірін ашты. 1966 жылдан бастап студияның жұмысы жанданып, аптасына бірнеше рет жаңалықтар мен мәдени бағдарламалар көрерменге жол тарта бастады. Содан бері «Ertis» өңір тынысын жеткізетін жетекші арна ретінде қалыптасты.
Мерекелік жиында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов телеарнаның аймақтағы ақпараттық маңызын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, халыққа шынайы, анық әрі жедел ақпарат беру – журналистің ең үлкен жауапкершілігі. 60 жыл – бір дәуірдің жолы. Сіздер осы жылдар бойы ел аманатын арқалап, шындықтың жүзіне адал қызмет етіп келесіздер. Сол еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын, – деді өңір басшысы.
Әкім арнаның ондаған жыл бойы облыстың «нағыз дауысымен» келе жатқанын және көрермен сенімімен ерекшеленетінін атап өтті.
– Аймақ тұрғындары сіздерден күнделікті объективті ақпарат күтеді. Журналистің өлшемі – сенім. Халық үмітін ақтай беріңіздер. Басты телеарнаның абыройы артып, мәртебесі биіктей берсін, – деді Асайын Байханов.
Мерейтой аясында телеарна автопаркін жаңартуға 30 миллион теңге көлеміндегі сертификат табысталды.

Сондай-ақ, аймақтың телевизия саласының дамуына үлес қосқан қызметкерлер облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісі және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің марапаттарымен марапатталды.

Телеарна ардагері, белгілі журналист Социал Айтенов өткен шақты еске алып, жас буынға ағалық тілегін жеткізді.
– Мен дәл 60 жыл бұрын ең алғашқы жобаның жүргізушісі болдым. Бұл кезеңді мақтан етемін. Біздің алғашқы редакторлар мен тілшілердің еңбегі – тарих. Қазіргі жастар да осы дәстүрді сақтап, арнаны жаңа биіктерге жетелейді деп сенемін. Біз ардагерлер әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді ол.

Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі – мерейтойға арнайы жазылған «Ertis» телеарнасының әнұранының тұңғыш рет шырқалуы болды. Әнұранның сөзін телеарна директоры Жұмабек Сманов пен ақын Асығат Тұрғанбек, ал әнін жас сазгер, әнші Оразбек Бақытхан жазған.
60 жылдық тарих – операторлар, режиссерлер, журналистер мен кадр сыртындағы жүздеген маманның еңбегімен қалыптасқан үлкен жол. Бүгінде «Ertis» телеарнасы аймақтың медиа бренді ретінде дамуын жалғастырып келеді.