Павлодарда екі сәби «Азелиттен» ауруханаға түсті

Павлодарда екі сәби «Азелиттен» ауруханаға түсті
Фото:pixabay.com/congerdesign

Олар бір жасқа да толмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

8 наурызда облыстық балалар ауруханасына тазартқыш құралмен жанасу нәтижесінде алынған химиялық күйіктерімен 9 және 10 айлық қыздар түсті. 

Мереке күні ауруханаға 2024 жылы туған бірінші пациент сол жақ жіліншік пен оң жақ санының II-III дәрежелі 4% күйік жарақатымен жеткізілді. Екінші қыз бала да 2024 жылы туған. Ол ауруханаға оң жақ білегі, қолдың буыны, саны және іш қуысының II-IIIА дәрежелі 7-8% күйігімен жеткізілді. 

– Екі жағдайда да күйіктерге «Азелит» тазартқыш құралының теріге тиюі себеп болған. Дәрігерлер қажетті ем жүргізді. Бүгінгі таңда балалардың жағдайы тұрақты. Олар травматология бөлімшесінде ем алуда, – деді ауруханада. 

Облыстық балалар ауруханасының комбустиологы Қаһарман Баймұратовтың айтуынша, бір баланы күйік шалғанда, оның анасы үйінде болмаған. 

– Нақты ақпаратты білмеймін. Мен үшін балаларды емдеп шығу –міндет, – деді дәрігер.  

Оң жақ білегін, қолдың буынын, саны мен іш қуысын күйік шалған баланың жағдайы жақсарып келеді. Дәрігер сәбиді ертең ауруханадан шығаруды жоспарлап отыр. 

– Екінші қыздың жағдайы қиын. Күйік терең. Бір аптадай ауруханада қалады, – деді Қаһарман Баймұратов.

Дәрігердің сөзінше, күйік шалған кезде сол жерді дереу суық судың астында ұзақ уақыт бойы ұстау керек. 

– Химиялық күйіктер сирек кездеседі. Жарты жылда бір рет қана түседі. Біздің бөлімшеде көбіне қайнаған судан күйік шалған балалар жатады. Ата-аналары телефон қарап, олардың қолындағы балаларға қарамай кетеді. Олар рефлекспен кесені тартып, қайнаған судан күйеді, – деді ол.

Дәрігерлер тұрмыстық химияны балалардың қолы жетпейтін жерде сақтауды ескертеді.  Егер аталмыш жағдай орын алса, дереу суық суға шайып, жедел жәрдем шақыруды ұсынады.

Фото: облыстық балалар ауруханасы ұсынды