Павлодар полицейлері қамқор ата-аналарға арналған чек-парақ әзірледі
Тәртіп сақшылары балалардың қауіпсіздігіне мән беруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жазғы демалыс басталып, балалар көбіне көшеде, аулада және қоғамдық орындарда уақыт өткізеді. Осы кезеңде ата-аналар мен ересектер балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуы қажет.
— Дәл қазір балаңызбен үлкен қауіптің алдын алатын қарапайым әңгімелер жүргізудің ең қолайлы уақыты. Балаларға жаз мезгіліндегі алтын ережелерді міндетті түрде қайталаңыздар. Мәселен, бейтаныс адамдармен сөйлеспеу, олармен бірге ешқайда кетпеу және ештеңе алмау. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау және көшені тек жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өту, ролик, самокат және велосипед тебу кезінде міндетті түрде шлем мен тізеқап кию, су айдындарының маңында ойнамау және ата-ананың қарауынсыз суға түспеу. Ең бастысы — әрдайым байланыста болу, бала қайда және кіммен жүргенін нақты айтып отыруы тиіс, — дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жазғы демалыс жарқын әсерлерге, қуанышты сәттерге толы болып, ешқандай оқиғасыз өтуі үшін павлодарлық полицейлер блогермен бірлесіп «Қауіпсіз балалық шақ» атты мультфильм жобасын іске қосты. Жобаның мақсаты — балаларға жол қауіпсіздігі туралы қарапайым тілмен түсіндіру және оларды жазатайым оқиғалардан қорғау.