Павлодар полицейлері түнгі клубтарда жаппай тексеру жүргізді
Тәртіп сақшылары демалыс күндері ойын-сауық орындарын аралап, заңсыз жүрген жасөспірімдер мен өзге де құқық бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш іс-шара қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау, сондай-ақ есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында өткізілді.
– Нәтижесінде 10 ойын-сауық мекемесінде түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болған кәмелетке толмағандар анықталды. Аталған деректер бойынша мекеме иелері мен кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді, – деді қалалық полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі аға жедел уәкілі Эльмира Сейтахметова.
Рейд барысында ойын-сауық мекемелері мен демалыс орындарында есірткі құралдарын тарату, пайдалану немесе пайдалануға итермелеу фактілері анықталған жоқ.
Полиция қызметкерлері сондай-ақ мекеме иелерінің қолданыстағы заңнама талаптары мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету қағидаларын сақтауын тексерді.
Облыстық полиция департаментінде атап өткендей, профилактикалық рейдтік іс-шаралар тұрақты негізде өткізіліп, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.