Павлодарда екі депутат қызметін тоқтатты

Павлодарда екі депутат қызметін тоқтатты

Бұл мерзіміне дейін орын алған жағдай, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында сөйлеген облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Аманжолова депутаттарды осы туралы хабардар етті. 

- Облыстан тыс жерге қоныс аударуына байланысты Серік Жартыбаевтан облыстық мәслихат депутаты лауазымын тоқтату туралы өтініш келіп түсті. Осы орайда депутат лауазымы тоқтатылады, - деді Гүлнар Аманжолова.

Серік Жартыбаев №14 сайлау округі бойынша сайланған болатын. Жазда ол ҚР Ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры болып тағайындалды.

Сонымен бірге, сайлау аткомына облыстық мәслихат депутаты Достияр Ахановтың лауазымын тоқтату туралы «Ауыл» хат түсті. Заңнамаға сәйкес Достияр Аханов облыстық мәслихат депутаты лауазымын жойды.

Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко аталмыш азаматтарға еңбектері үшін алғыс айтып, табыс тіледі.

Естеріңізде болса, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау 2023 жылдың наурызында өткен еді.

Фото: Константин Шелков