Павлодар полициясы: шекара асқан сегіз қашқын шетелде ұсталды

Павлодар полициясы: шекара асқан сегіз қашқын шетелде ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар Ресей, Армения және Германия аумақтарында бой тасалаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Құқық бұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету – Әділетті мемлекет құрудың негізгі талаптарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар, ең алдымен, қылмыстық қудалаудан бой тасалап жүрген азаматтарды тиімді іздестіруге байланысты.

– Қылмыскерлерді іздеу тек ел аумағымен шектелмей, шетел мемлекеттерінде де жүргізіледі. Халықаралық әріптестермен тығыз өзара іс-қимылдың нәтижесінде 2025 жылы Ресей, Армения және Германия аумақтарында сегіз қашқын ұсталды, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Ведомство мәліметінше, іздестіру қызметінде цифрлық технологиялар кеңінен қолданылып, мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдардың ақпараттық жүйелері барынша ықпалдастырылуда. Бұл жасырынған тұлғалардың мемлекеттік, банктік, медициналық және көлік қызметтерін пайдалануы туралы мәліметтерді тергеу органдарына жедел жеткізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ұсталған тұлғаларды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі тұрақты түрде қаралып, заң аясында жүзеге асырылып келеді.

Полиция өкілдерінің айтуынша, «Заң және тәртіп» қағидаты ішкі істер органдары қызметінің басты ұстанымы болып қала береді. Жедел бөлімшелердің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде қашқындардың басым бөлігі ақыры ұсталып, жасаған қылмыстары үшін сот алдында жауап береді.