Павлодар резерватының тракторшысы: Адал еңбек абыройға бөлейді
Берік Тілеубердинов – техниканың тілін меңгеріп, 35 жыл трактор тізгіндеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ол 1970 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Сегіз жылдық мектепті тәмамдағаннан кейін Галкин орта кәсіптік-техникалық училищесін бітірген. 1989 жылдың көктемінде «Ертіс орманы» резерватына тракторшы болып орналасып, жарты жыл еңбек еткен соң әскер қатарына қабылданады. Үш жыл Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін қайтадан орман шаруашылығына оралған. Отбасын құрып, үш ұл мен бір қыз сүйген. Бүгінгі таңда бес немересінің қызығына кенеліп отыр.
– Мен өз жұмысымды жақсы көремін әрі бағалаймын. 19 жасымнан бастап трактордың тізгініне отырдым. Содан бері өмірімнің басым бөлігі орманмен байланысты. Ата-анам да орман саласында еңбек еткен. Сондықтан бұл кәсіп мен үшін жақсы таныс. Менің ойымша, әр адам өзі қалаған салада еңбек етіп, жемісін көргенде ісі оңалып, мол табысқа жетеді, – дейді Берік Тілеубердинов.
Ол еңбек жолында көптеген ірі өрттерді сөндіруге атсалысқан. Дегенмен, қиындығы мен қызығы мол саланың экологиялық таза жағдай, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді бақылау, қоршаған ортаны жақсартуға үлес қосу мүмкіндігі сияқты өз артықшылықтары бар екенін айтады. Ормандағы таза ауа жан тыныштығын сыйлап, барлық уайымды жоюға мүмкіндік береді, адамның орталық жүйке және тыныс алу жүйелеріне пайдалы әсер етеді.
– Еліміздің баға жетпес байлығы – орман мен жануарлар дүниесі, аң-құстардың әлемі. Орман-тоғай — Жер-Ананың адамзатқа берген сыйының бірі. Сондықтан осы байлықты күтіп, бағалай білу керек. Әрбір адам өз жұмысына адал қарауы тиіс, – дейді Берік Тілеубердинов.
Трактор жүргізушісінің міндетіне өрт сөндіріп, орман отырғызу жұмыстарына қатысу, қақаған қыста техниканы келесі жылғы жұмыстарға дайындау кіреді.
Берік Тілеубердинов еңбексүйгіштігі мен кәсіби шеберлігі арқылы ұжымның сый-құрметіне бөленген. Еңбек күні мерекесі қарсаңында табиғи резерваттың игілігі жолында адал еңбегі, кәсібилігі мен жоғары біліктілігі үшін бас директордың Алғыс хатымен марапатталған.
Айта кетерлігі, биыл резерваттың материалдық-техникалық базасын жақсарту, өрт қаупін азайту мақсатында және шаруашылық қажеттіліктері үшін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қолдауымен «Ертіс орманы» табиғи резерватының автопаркі сегіз LOVOL маркалы трактормен толыққан. Сондай-ақ өрт қауіпті маусымда өрт сөндіру техникасына су құю үшін резерваттың Бәйімбет, Тайбағар, Шошқалы, Степной орманшылығы аумағында көлемі 50 текше метр болатын төрт сыйымдылық орнатылған. Резерват бойынша үш жасанды өрт су қоймасы және орманшылықтар, орман алқаптарында орналасқан су көлемі 25-50 текше метр болатын 32 сыйымдылық бар.
Фото, видео: «Ертіс орманы» резерваты ұсынды