Павлодар тұрғындарын қаланы Жаңа жылға безендіруге шақырды

Павлодар тұрғындарын қаланы Жаңа жылға безендіруге шақырды
Фото: pixabay.com/moderatenorthwind

Ең үздік жұмыстар қаланың орталық алаңының мерекелік безендірілуіне енгізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда Жаңа жыл мерекесі қарсаңында тұрғындар арасында «Жаңажылдық ART-сюрприз» атты шығармашылық байқау өтеді. Жарыс 20 желтоқсан күні Орталық алаңда ұйымдастырылады. Қатысушылардан ең үлкен әрі ерекше жаңажылдық ойыншық жасау талап етіледі.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өкілдерінің айтуынша, іс-шара тұрғындарды жаппай өнерге тарту, шығармашылық бастамаларды қолдау және креативті ойлауды дамыту мақсатында өткізіледі. Негізгі міндет – қаланың жаңажылдық келбетін жарқын әрі ерекше ету.

Байқауға барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Жаңажылдық ойыншықтың биіктігі кемінде 1,5 метр болуы тиіс. Материал мен дизайнға шектеу жоқ, алайда бұйымдар берік әрі ауа райына төзімді болуы қажет, себебі көрме ашық аспан астында өтеді.

Қала әкімдігінің мәліметінше, ойыншықтарды жеткізу және орнату 20 желтоқсан күні сағат 15:00-ден 16:30-ға дейін жоспарланған. Ал 17:30-18:00 аралығында байқау комиссиясы жұмыстарды көлемі, орындалу сапасы, креативтілігі, бірегейлігі және сыртқы келбеті бойынша бағалайды.

Өтінімдер 11-19 желтоқсан аралығында gdts@list.ru электронды поштасы арқылы қабылданады. Қосымша ақпаратты 8 (7182) 32-41-20 және 8 (7182) 30-08-43 телефон нөмірлері арқылы алуға болады.

Байқау жеңімпаздары грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Марапаттау рәсімі мен басты жаңажылдық шыршаның шамдарын жағу салтанаты 20 желтоқсанда өтеді.