Малайсары батырдың бейнесі Павлодардағы жаңа муралдың өзегіне айналды

Малайсары батырдың бейнесі Павлодардағы жаңа муралдың өзегіне айналды
ЖИ иллюстрациясы

Тың туындыны көрші аймақтардан келген суретшілер салуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

 «Өнерлі шаһар» жобасы Қазақстанның түрлі қаларынан келген муралист-суретшілерді Павлодарда тоғыстырды. Бүгінде шығармашылық топтар қаланың бірнеше шағын ауданында жұмыс істеп, ауқымды көркем туындыларды кезең-кезеңімен салып жатыр.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің мәлімдеуінше, жоба қатысушыларының бірі — Қарағандыдан келген Александр мен қостанайлық Никита. Суретшілер бірлесіп Малайсары батырға арналған муралды салуда. 

— Біз «Өнерлі шаһар» жобасына қатысып, Павлодардың көркін ашуға өз үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымыз. Бұл жоба бізге шығармашылық жұмыстарымызды таныстырып қана қоймай, басқа өңірлерден келген суретшілермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, – деді суретші Александр.

Қылқалам иелерінің айтуынша, композицияның орталық бейнесі — ат үстіндегі Малайсары батыр. Оның қолына қыран қондырылған. Авторлар динамикалық бейне арқылы батырдың күші мен ерлігін жеткізуді көздейді. Ал қыран еркіндік пен рух күшін және Ұлы дала дәстүрімен сабақтастықты бейнелейді.

Муралдың орналасатын орны да символдық мәнге ие. Туынды Малайсары батыр көшесіндегі №37 үйдің қаптал қабырғасына салынып жатыр.

«Өнерлі шаһар» жобасы аясындағы жұмыстар Павлодардың әр бөлігінде қатар жалғасуда.

Еске сала кетейік, Астана көшесінде орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараты жаңа муралға арқау болды. Ғимараттың қабырғасына салт аттың бейнесі салынды. Жұмысты Көкшетау қаласынан келген суретші-дизайнер Мағжан Айтқожаев атқарды.