Павлодарда екі адамды итттер қауып алды

Екеуі де ауруханаға түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Таңғы сағат жетіде Қамзин көшесінде тубдиспансердің маңында екі ит 39 жастағы ер адамға шабуылдады. Жедел жәрдем көлігі қасында өтіп бара жатып, ер адамды құтқарған болатын.
Жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, дәл осы күні сол иттер 42 жастағы әйелді қауып алған. Екеуі де №1 Павлодар қалалық ауруханасына жеткізілді.
– Ер адамның білегінде, жамбасында, жіліншігінде және арқасында тістелген, жырымдалған жаралары бар. Ал әйелдің арқасы тырналған, білегі тістелген, – деп түсіндірді ауруханада.
Екі науқас құтыруға қарсы екпе алып, амбулаторлық емдеуге жіберілді.
Оқиға орнына жергілікті полиция қызметімен бірге ит аулау қызметі келіп жетті.
– Екі кавказдық қойшы иттер қызметкерлерге агрессивтілік танытқан. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында иттердің бірін ұйықтатып тастадық, екіншісін иесіне тапсырдық, – деп хабарлайды облыстық ветеринария қызметі.
Ал жануарлардың иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.