Павлодар облысында IQanat олимпиадасына қатысуға мың жарымнан аса оқушы тілек білдірді

Павлодар облысында IQanat олимпиадасына қатысуға мың жарымнан аса оқушы тілек білдірді

Павлодар ауданы, Мичурин ЖОББМ-де ауыл мектептерінің оқушылары үшін IQanat олимпиадасының алғашқы турының ашылуы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Олимпиада қатысушылардың логикалық, математикалық және кеңістіктік ойлау қабілеттерін, оқу сауаттылығы мен қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға бағытталды.

Павлодар облысынан биыл білім сайысына 1531 оқушы қатысуға тілек білдірсе, Павлодар ауданында 300-ге жуық бала өтінім берген.

– IQanat олимпиадасының басты ерекшелігі – мектептегі академиялық жетістіктер мен үлгерімдеріне қарамастан, кез келген оқушы қатысуға мүмкіндік алады. аталмыш бағдарлама ауыл оқушыларына қазақстандық және шетелдік үздік университеттердің грант иегері атануына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жоба түлектері әлемнің 17 елінде білім алуда. IQanat – 150-ден астам қазақстандық кәсіпкердің қолдауымен жүзеге асырылатын, Қазақстанның ауыл мектептеріндегі оқушыларға арналған әлеуметтік білім беру жобасы, – дейді облыс бойынша «IQanat» қорының үйлестірушісі Сандуғаш Матаева.

2024 жылы жетінші рет ұйымдастырылған IQanat олимпиадасына Қазақстанның 170 ауданынан 56 мыңнан астам ауыл оқушысы тіркелген. Павлодар облысындағы алғашқы турдың қорытындысы бойынша облыстық кезеңге қатысушылар іріктеледі. Жеңімпаздар 2025 жылдың жазында өтетін финалда кездесіп, қарқынды білім беру бағдарламасына қатысатын болады.

Оларға ағылшын тілін меңгеру, IT жобалар әзірлеу, менторлық, кәсіби бағдар беру, сондай-ақ ҰБТ және IELTS емтихандарына дайындық мүмкіндігі ұсынылады.

Жоба туралы қосымша ақпаратты iqanat.kz сайтынан және @iqanat.kz Instagram парақшасынан көруге болады.