Павлодар жастарының кітап оқуға қызығушылығы қалай өзгеріп жатыр?

Павлодар жастарының кітап оқуға қызығушылығы қалай өзгеріп жатыр?
Фото: Константин Шелков

Кітап пен желі арасында таңдау күшейді , деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Жастар мен балалардың кітапқа қызығушылығын арттыру үшін кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жаңа кітапханалар ашылып, электронды кітап оқу мүмкіндіктері көбеюде. Сонымен қатар, қазақ әдебиетін насихаттау мен жазушыларды қолдауға да мән берілуде. Мұның бәрі білімді, саналы, зерделі ұлт қалыптастыруға бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 мамыр күні «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Бұл бастамалар халықтың білімін арттырып, рухани дамуына әсер етуде. Бірақ мамандар жастардың кітап оқуға қызығушылығы әлі де төмен екенін айтады. Қазіргі кезде жастардың көп уақыты әлеуметтік желілер мен ұялы телефонда өтеді. Соның салдарынан кітап оқу азайып, сөздік қордың дамуы мен ойды еркін жеткізу қабілетіне әсер етуде. Бұдан бөлек, сыни ойлау дағдыларының айырмашылығы байқалады.

Торайғыров университеті филология кафедрасының профессоры Раушан Муталиеваның пікірінше,  кітап оқу мәдениетін дамыту жастардың білім деңгейі мен ойлау қабілетін арттыруға әсер етеді.

- Қазіргі уақытта жастардың бір бөлігі әдеби шығармаларды тек міндетті оқу аясында ғана оқиды. Бұл кітапқа деген шынайы қызығушылықты толық қалыптастырмайды. Қазір әдеби шығармалар оқитын және оқымайтын жастар арасында ойлау жүйесі мен сөздік қор деңгейінде айқын айырмашылық байқалады. Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамасы қоғамда жақсы өзгерістерге жол ашады деп ойлаймын. Мектеп оқушылары, студенттер мен жастар бұл іске белсенді қатысады деген сенімдемін, - деді Раушан Муталиева.

Сарапшылар цифрлық форматтағы кітаптардың қолжетімділігі оқуға жаңа мүмкіндік береді деген пікірде. Цифрлық дәуір жастары кез келген уақытта телефон немесе планшет арқылы кітап оқи алады, бұл үрдіс оқу мәдениетін жаңа деңгейге шығаруы мүмкін.

Профессордың ойынша, қазақ әдебиетіндегі тарихи және танымдық шығармалардың тәрбиелік мәні жоғары. Мәселен, Шерхан Мұртазаның  «Ай мен Айша», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романдары, Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесі сияқты туындылар жас ұрпақты отансүйгіштікке, адамгершілікке және өмірлік құндылықтарды дұрыс бағалауға тәрбиелейді.

Дәл осындай әдебиеттерді кеңінен насихаттау қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және «зерделі ұлт» идеясын жүзеге асыруға ықпал етеді.

Павлодар облысында оқушыларды кітап оқуға ынталандыру мақсатындағы жобалар жетерлік. Мәселен, облыс орталығында «Келешек мектеп» жобасы аясында ашылған №47 жалпы орта білім беру мектебінде «Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асырылды. Оған 1-11-сынып аралығындағы оқушылар қатысты. Әр жас ерекшелігіне сай көркем әдебиеттер тізімі беріліп, оқушылар шығармаларды оқып, оқырман күнделігін жүргізді, тест тапсырып, талқылауларға қатысты. 

Тағы бір жоба – «Кітап оқы – велосипед ұтып ал» жобасы. Бұл бастама өңірдегі бірқатар білім беру ұйымдарында сәтті жүзеге асып келеді. Май ауданы Малайсары батыр атындағы орта мектепте жоба тоғыз жыл бұрын басталған. Алғашында мектеп түлектерінің ұсынысымен қолға алынған бастама уақыт өте келе оқушыларды, ұстаздарды және түлектерді біріктірген игі дәстүрге айналды.

Өңір басшысылығы да осындай бастамаларды қолдап, қазақстандықтарға павлодарлық жазушының романын оқуға кеңес берді.

Эстафетаны Асайын Байхановқа Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жолдаған. Ол оқырмандарға Әбіш Кекілбайұлының «Аңыздың ақыры» романын оқуға кеңес берген. Өз кезегінде Павлодар облысының әкімі әріптесінің жолдауын қуана қабыл алып, ел тұрғындарына Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романын ұсынды.

Өңір басшысының айтуынша, жазушы – Павлодар өңірінің тумасы. Бұл шығарма үшін Рамазан Тоқтаров Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығына ие болған. Сонымен қатар, өткен жылы қаламгердің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында қала көшелерінің біріне оның есімі берілді.