Павлодар және Новосібір облыстары ынтымақтастық туралы келісім жасады

Павлодар және Новосібір облыстары  ынтымақтастық туралы келісім жасады
Фото: Валерий Бугаев

Жаңа үш жылдық жоспарға қол қою екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгін Башқұртстан Республикасының Уфа қаласында өтіп жатқан Ресей мен Қазақстанның өңіраралық ынтымақтастығының XX форумында облыс әкімі Асайын Байханов пен губернатор Андрей Травников Павлодар және Новосібір облыстары арасындағы ынтымақтастықты дамыту бағдарламасына қол қойды.

Жаңа үш жылдық жоспарға қол қою екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және 2003 жылы қол қойылған келісімді іске асыруға бағытталған.

Құжат өнеркәсіп және сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, мәдениет және спорт саласындағы ынтымақтастықтың 10 бағыты бойынша бірлескен іс-шараларды іске асыруды, оның ішінде дәрігер-мамандарды тағылымдамадан өткізуді, білім беру қызметкерлерінің делегацияларымен алмасуды және мәдениет күндерін өткізуді көздейді.

Павлодар облысының әкімі Новосібір облысы негізгі сауда серіктестерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

–      Біздің шекара маңындағы аумақтарымыз ТМД-ның Азия елдері мен Ресей арасындағы жаңа қатынастарды модельдеуге негіз болатын Ресейден Азияға дейінгі негізгі сауда және көлік жолдарының өзіндік қарым-қатынас рөлін атқарады, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, кездесу барысында Асайын Байханов өнеркәсіптік кооперация әріптестігін дамыту перспективаларын айқындап, қолайлы инвестициялық ахуал және өңірдің арнайы экономикалық аймағының преференциялары туралы айтты.