Павлодар облысында астық тапшылығы болмайды
Биыл өңір астықпен толық қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев мәлім етті.
– Құрғақшылық салдарынан астықты аз аламыз, бірақ осыған қарамастан қажеттілік толықтай жабылады. Биыл 300 мың тонна дәнді дақыл жиналады, оған қоса былтырдан қалған 159 мың тонна астық бар. Ал дәнді дақылдар бойынша облыс қажеттілігі 120 мың тоннаны құрайды. Яғни, 2,5 есе қажеттілікті жабады, – деді Төлеген Көшербаев.
Оның сөзінше, егін жинау науқаны 50%-ға орындалды, алайда жаңбырдың салдарынан әзірге жұмыстар тоқтап қалды.
– Аяқталу мерзімі әлі белгісіз. Болжаммен 5-10 қазан аралығында болады деп болжам жасалуда. Күннің райына байланысты жұмыс тұрып қалды, дәнді дақылдар ылғалды. Бүгінде егінді кептіру үшін жанар-жағармай тізімдерін дайындап жатырмыз, – деді спикер.
Төлеген Көшербаевтың айтуынша, жалпы облыста астық аумағы бір миллион гектарға жуық, оның 150 мың гектары қуаңшылық салдарынан жанып кеткен.
Еске сала кетейік, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егін жинау науқаны жөнінде жедел штабтың отырысында солтүстік өңірлерде жаңа дәннің өніп кетуі және ылғалдың жоғарылығынан сапасының төмен болу қаупі бар екені жайлы айтылған болатын.