Павлодар өңірінде қандастарды қабылдау квотасы бекітілді

Павлодар өңірінде қандастарды қабылдау квотасы бекітілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Былтыр бұл мақсатта бөлінген квота толық игерілген болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімінің бас маманы Ислам Талғаттың айтуынша, биыл 30 қаңтардан бастап Қазақстанда «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» қағидаларына өзгерістер енгізілген. Негізгі жаңашылдықтардың бірі – балдық жүйе элементтері бар бес кезеңді цифрлық тексеру.

– Қандас мәртебесін алу үшін алдымен тестілеу мен сауалнамадан өту қажет. Қазақ тілін білу деңгейіне (Қазтест) А1 деңгейі бойынша тест тапсырылады. Тест migration.enbek.kz порталы арқылы онлайн форматта өткізіліп, 1 сағат 10 минутқа созылады. Одан кейін ІІМ мен ҚР ҰҚК құқық қорғау органдарының тексеруі жүргізіледі, оған 20 жұмыс күні кетеді. Бұдан соң әңгімелесу өткізіледі. Нәтиже оң болған жағдайда ғана қандас мәртебесін алу үшін құжат тапсыруға болады, – деді Ислам Талғат.

Қандас мәртебесін алу үшін мына құжаттар міндетті болып табылады: 

 – еркін түрде жазылған өмірбаян;

– өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат (бар болса);

– неке туралы куәлік;

– баланың туу туралы куәлігі (бар болса), қазақ немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасымен бірге.

Тест 60 сұрақтан тұрады және екі бөлімге бөлінген: тыңдалым (20 минут) және оқылым (50 минут). Әр бөлім бойынша кемінде 30% дұрыс жауап жинау қажет. Егер көрсеткіш төмен болса, тест тапсырылмаған болып есептеледі. Сәтсіз жағдайда тесті соңғы тапсырған күннен бастап 30 күн ішінде қайта тапсыруға мүмкіндік бар.

Маманның айтуынша, қоныс аудару туралы шешім қабылдамас бұрын және қандас мәртебесін алар алдында үміткерлер ҚР Еңбек министрлігі желісі бойынша сегіз өңірдің бірін таңдай алады. Павлодар облысын көбіне Қытай Халық Республикасы, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей Федерациясынан келген этникалық қазақтар таңдайды. Ал Түрікменстан мен Ауғанстаннан қоныс аударатындар сирек кездеседі.

– Этникалық қазақтар негізінен Успен, Май аудандарын, сондай-ақ Аққулы ауданын таңдайды. Қалалар арасында Екібастұз бен Ақсу көш бастап тұр. Көп жағдайда қоныс аударушылар ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп, жеке қосалқы шаруашылықпен айналысады, – деді Ислам Талғат.

Қандас мәртебесін алғаннан кейін қоныс аударушылар өңірлік квотаға енгізу үшін өтініш бере алады. Квота аясында көшу шығындары, тұрғын үйді жалдау ақысы және экономикалық ұтқырлық сертификаты қарастырылған. Бұрын қандас мәртебесі бір жылға берілсе, енді ол ұзарту құқығынсыз бірден бес жылға тағайындалады.

Жалпы, Павлодарда қандастарды қолдау мақсатында бейімдеу және ықпалдастыру орталығы жұмыс істейді. Оның қызметі негізінен кеңес беру сипатында. Яғни мамандар балаларды мектеп пен балабақшаға орналастыруға көмектеседі. Тілдік кедергі туындаған жағдайда қазақ тілін (лексика мен грамматиканы) үйренуге де қолдау көрсетіледі. Биыл қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу үшін 977 орын бөлінген. Мамандардың айтуынша, қоныс аудару туралы шешімнің басты себебі – этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуы.