Павлодар өңіріндегі сайлауалды науқан: Партия өкілдері халыққа қандай уәде беруде?
Ертіс-Баян өңірінде партиялардың сайлауалды жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«ӘДІЛЕТ» партиясы
«Әділет» партиясының Павлодар облыстық сайлауалды штабының ақпараттық-үгіт топтары өңірдің қалалары мен аудандарында сайлауалды жұмыстарын жалғастырды. Шаралар Ертіс, Аққулы және Баянауыл аудандарын, сондай-ақ Павлодар мен Екібастұз қалаларын қамтыды.
Кездесулер барысында бизнесті дамыту мүмкіндіктері, кәсіпкерлердің өздері жұмыс істейтін қалалар мен ауылдардың дамуына қосатын үлесі, сондай-ақ шағын бизнестің аумақтар дамуына әсері талқыланды. Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға да ерекше назар аударылды. Штаб өкілдерінің айтуынша кәсіпкерлік бастамаларын қолдау өңір тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Барлық кездесулердің негізгі мақсаты – тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, ұсыныстар мен пікірлерін тыңдау және қоғамның түрлі әлеуметтік әрі кәсіби топтарымен ашық диалог жүргізу.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы
Павлодар облысы Аққулы ауданы Баймолдин ауылында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына ЖСДП атынан кандидат Роза Джусупова жергілікті тұрғындармен үгіт-насихат кездесуін өткізді. Ашық диалог барысында ауыл тұрғындары күнделікті өмірде өзекті болып отырған мәселелерді айтты.
Негізгі мәселелердің бірі – Баймолдин ауылы мен аудан орталығы Аққулы арасындағы жолдың жағдайы болды. Жолға ірі қиыршық тас төселгендіктен, қатынас қиындық туғызады. Әсіресе күзгі-қысқы кезеңде аудан орталығына жету айтарлықтай қиындайды. Сондай-ақ медициналық көмектің қолжетімділігі мәселесі көтерілді. Ауыл тұрғындары қажетті медициналық қызметтерді уақытылы алу қиын екенін атап өтті.
Роза Джусупова тұрғындардың өтініштерін тыңдап, көтерілген мәселелерді алдағы жұмыста ескеретінін айтты. Кездесу Павлодар облысы Аққулы ауданы бойынша ЖСДП кандидатының үгіт сапары аясында өтті.
«Байтақ» партиясы
«Байтақ» партиясынан кандидат Керей Бекберген Дүйсенбайұлы және партияның Екібастұз қаласындағы филиалының төрағасы Ақжігітов Нұрсұлтан Көпейұлы үгіт-насихат жұмыстары аясында қала тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді.
Партия өкілдері Екібастұз көшелерін аралап, тұрғындармен жүздесіп, партияның сайлауалды бағдарламасы туралы ақпараттық материалдар таратты. Сонымен қатар жергілікті кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесіп, оларды толғандыратын мәселелерді тыңдады.
Біз үшін сайлауалды науқан — тек ақпарат тарату емес. Бұл — халықпен тікелей сөйлесу, нақты мәселелерді тыңдау және қоғамның ұсыныстарын назарға алу. «Әр кездесу — жаңа пікір. Әр ұсыныс — болашаққа жасалған қадам» дейді партия өкілдері.
Қазақстан халық партиясы
Үгіт-насихат науқаны аясында Қазақстан Халық партиясынан Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына кандидат Әлімбек Ағибаев, ҚХП Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Райхан Жақыпова, сондай-ақ партия белсенділері Вячеслав Починок пен Олеся Денисенко «Рубиком» кәсіпорнында болды. Компания 1994 жылдан бері жұмыс істейді және бүгінде Қазақстандағы шұжық өнімдері мен ет деликатестерін өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі саналады.
ҚХП өкілдері ұжымға партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Кездесу барысында отандық өндірушілерді қолдау, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жұмыс орындарын сақтау, лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мәселелері талқыланды. Кәсіпорын қызметкерлері сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын білдірді. Барлық өтініш пен аманат алдағы жұмыста ескеру үшін қабылданды.
«Ауыл» партиясы
Сайлауалды штаб өкілдері «Bass & K» медициналық орталығының ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары таныстырылып, денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық қызметтердің сапасын арттыру, медицина қызметкерлерін қолдау және әлеуметтік мәселелер талқыланды. Осы саладағы бұрыннан қордаланған мәселелердің болашақта халық игілігі үшін оң шешімін табатын жолдар қандай болатыны талқыланды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, ұжым мүшелерінің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Халықпен жүздесіп, тікелей сөйлесу, нақты мәселелерді тыңдау және қоғамның ұсыныстарын назарға алу партия өкілдерінің бүгінгі сайлауалды халықпен кездесулеріндегі басты мақсат екені көрінді.
Сала жұмысын оңтайландыру бойынша ұсыныстар мен пікірлер назарға ілініп, алда атқарылатын жұмыстар аясында назардан тыс қалмайтынына сенім артылды.
«Ақ жол» партиясы
Сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында «Ақ жол» демократиялық партиясының республикалық штаб мүшелері партия төрағасы Дания Еспаеваның бастауымен «Екібастұз қалалық су арнасы» және «Қалалық электр желісі» АҚ кәсіпорындарының ұжымдарымен кездесті. Жиын барысында Дания Еспаева «Ақ жол» демпартиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыт-бағдарын таныстырды. Кездесуде коммуналдық, энергетика салалары жұмысына қатысты мәселелер кеңінен қозғалды. Кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Еркін пікіралмасу форматында өткен басқосу сайлауалды бағдарламаның басым бағыттарын ғана емес, Екібастұздың коммуналдық және энергетика саласы мамандарының күнделікті жұмысында кездесетін нақты мәселелерін де егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік берді.
«Respubliсa» партиясы
«Respubliсa» партиясының үгіт-насихат жұмыстары өңіріміздегі ең ірі жұмыс беруші, елімізде глинозем өндіретін жалғыз бірегей кәсіпорын — «Қазақстан Алюминийі» АҚ ұжымымен жүздесумен жалғасты.
8 000-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған бұл өндіріс гиганты — Павлодар облысы мен бүкіл Қазақстан экономикасының негізгі тіректерінің бірі!
Кездесуде «Respublica» партиясының ерекшелігі айтылып, сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Өңіріміздің қуатты да ірі кәсіпорындарының бірі болып табылатын зауыт жұмыскерлерінің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалып, әлеуметтік әлеуеті, еңбек қауіпсіздігі мен әр жұмыскер құқықығының сақталуы сияқты мәселелер де талқыланды. Кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Кездесу соңында партия өкілдері өңіріміз бен еліміздің өндірістік әлеуетін өркендетіп жүрген алып ұжымды дауыс беруге шақырды.