Павлодардағы балық аулау дүкенінде өрт шықты
Оқиға кезінде көпқабатты үйден оннан астам адам эвакуацияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндірушілер Малайсары батыр көшесінде орналасқан тұрғын үйдің бірінші қабатындағы балық аулау дүкенінде шыққан өртті сөндірді.
– 101 пультіне дүкеннен түтін шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ қызметкерлері бірден өртті сөндіруге кірісті. Өрт сауда залы мен қойма бөлмесін шарпыған. Түтіннің таралу қаупіне байланысты тұрғын үйдің кіреберісінен 16 адам, оның ішінде төрт бала эвакуацияланды, – делінген хабарламада.
Ведомствода атап өткендей, өрт қысқа уақытта толық сөндірілді. Оның жалпы аумағы 75 шаршы метрді құрады.
Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.