Павлодарда ер адам жардың түбінде қалып қойды
Оны шығару үшін құтқарушылар арнайы альпинистік құралдарды қолданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 30 қыркүйекте 112 пультіне «Қаздар қайтуы» табиғи ескерткіші аумағында ер адамның жардан құлағаны туралы хабар түсті.
Оқиға орнына келген мамандар тұрғынның өздігінен жоғарыға көтеріле алмайтынын анықтады. Құтқарушылар арнайы альпинистік құрал-жабдықпен төменге түсіп, ер адамға жетті.
– Алдымен зардап шегушінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Одан кейін құтқарушылар оны арнайы альпинистік құрал-жабдықтардың көмегімен жоғарыға көтеріп шығарды, – деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде.
Оқиғадан кейін ер адамға медициналық көмек қажет болмады.
Төтенше жағдайлар департаменті жарлар мен тік беткейлерде серуендеген кезде қауіпсіздік ережелерін сақтап, жардың шетіне жақындамауды ескертті.