Екібастұздың мейрамханаларының бірінде қонақтар жаппай уланды
Қалалық ауруханаға отыз шақты адам жүгінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 сәуірден бастап қалалық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне тамақтан улану және бактериялық ішек инфекциясы белгілері бар пациенттер жаппай жүгінді: бірнеше рет құсу, айқын әлсіздік, іштің ауыруы, дене температурасының жоғарылауы.
– Эпидемиологиялық сыртартқыны жинау кезінде олардың барлығы 13 сәуір қарсаңында қаланың кафелерінің бірінде өткен іс-шараның қонақтары екені анықталды. Емделушілер қабылдау бөлімшесінде қаралғаннан және шұғыл медициналық көмек көрсетілгеннен кейін (асқазанды шаю) инфекциялық бөлімшеге жатқызылды. Барлығы 14 сәуірден 15 сәуір сағат 17:00-ге дейінгі аралықта 32 адам жүгінді, оның төртеуі ауруханаға жатқызудан бас тартты, қалғандары қазіргі уақытта ем алуда. Науқастардың жағдайы орташа ауырлық дәрежесі ретінде қарастырылады, – дейді басқармада.
Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тамақтан улану жағдайы бойынша басқарма мейрамханаға қатысты ҚР Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатқанын хабарлайды.