Павлодарда өрт сөндіруші балконда қалған ер адамды аман алып қалды

Павлодарда өрт сөндіруші балконда қалған ер адамды аман алып қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Құтқарушы жалын арасынан өтіп, автосаты келгенге дейін тұрғынды қорғап тұрған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгін Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп көшесінде орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің бесінші қабатындағы пәтерде өрт шықты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде пәтерден қалың түтін шығып жатқан. Балконда көмекке мұқтаж ер адам болған.

Өртті барлау және сөндіру жұмыстарына газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны жұмылдырылды. Өрт сөндірушілер келгенге дейін үйдің 10 тұрғыны өздігінен эвакуацияланған.

– Оқиға орнында алғашқылардың бірі болып жеткен №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері, полиция майоры Ақжол Сағынбай жалын арасынан өтіп, балкондағы пәтер иесіне жеткен. Әріптестері автосатыны орналастырғанға дейін ол ер адамды денесімен жауып, жалынның ыстық ағынынан қорғап тұрған, – деді ведомствода.

Кейін құтқарушылар автосатының көмегімен 1971 жылы туған пәтер иесін қауіпсіз жерге түсіріп, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырды.

Өрт толық сөндірілді. Қазіргі уақытта оның шығу себебі мен жану аумағы анықталып жатыр.

ТЖМ тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, электр құралдарын қараусыз қалдырмауға және төтенше жағдайда 101 немесе 112 нөміріне хабарласуға шақырды.

Фотосуреттерді Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті ұсынды