Павлодардағы «Жайлы мектеп» қашан ашылады?

Павлодардағы «Жайлы мектеп» қашан ашылады?
Фото: Константин Шелков

Бүгінде мұнда ішкі әрлеу жұмыстары қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодардағы жұмыс сапары барысында Усолка шағынауданындағы №49 мектептің қазіргі жай-күйімен танысып, оқушыларды қабылдауға дайындығын тексерді. Білім беру мекемесі республикалық «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтеруде. Мектеп 1200 оқушыға арналған. Қазірдің өзінде павлодарлықтардан 680-ге жуық өтініш түскен.

Ғимараттағы кабинеттер, асхана, акт залы мен спорт залы сияқты негізгі бөлмелер дайын. Қазір жұмысшылар қабырғаларды әрлеп, қалған жабдықтарды жеткізіп жатыр.

Мектепті аралау кезінде Асайын Байханов қалалық білім бөлімінің өкілдерімен педагогтер құрамын жасақтау мәселесін талқылады. Білім беру мекемесінің толыққанды жұмыс істеуі үшін 100-ден астам мұғалім қажет. Алдын ала мәлімет бойынша, 68 маман жұмысқа қабылданған. Тағы 40-қа жуық педагогті конкурс арқылы іріктеу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ мектептің лицензия алуы және ұйымдастыру жұмыстарының аяқталу мерзімі де назардан тыс қалмады. Бұл жұмыстарды 20 қарашаға дейін аяқтау қажет. Мектептің нақты ашылатын күні лицензияның алынуына байланысты болмақ.

Аймақ басшысы білім беру мекемесінің көлік қолжетімділігі мәселесіне де тоқталды.

– Жақын жерде аялдама бар, автотұрақ қарастырылған. Жол жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын, – деді Асайын Байханов.

Айта кетелік, нысан 2027 жылдың басында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.