Павлодарда ірі мал ұрылары құрықталды

Павлодарда ірі мал ұрылары құрықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар өңірдегі мал шаруашылығына 80 миллион теңгеден астам шығын келтірген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Аққулы ауданында прокуратураның үйлестіруімен құқық қорғау органдарының қызметкерлері мал ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан топтың әрекетін тоқтатты. Арнайы операция нәтижесінде 50-ден астам жылқы мен ірі қара малды жымқырды деген күдікпен алты адам анықталып, ұсталды. Бұл топтың қылмыстық әрекеттерінен келтірілген шығын көлемі 60 миллион теңгеден асып жығылады.

– Күдіктілер алдын ала қылмыстық рөлдерді өзара бөлісіп, аса мұқият жоспарланған схема бойынша әрекет еткен. Ұрланған мал оқиға орнында бірден сойылып, еті Абай және Павлодар облыстарының базарларында өткізіліп отырған. Жедел-іздестіру шаралары барысында төрт елді мекенде, оның ішінде көршілес Абай облысының екі ауылында тінту жүргізілді. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 28 бас жылқы, мал терілері, үш автокөлік, сегіз бірлік қару мен тиісті оқ-дәрілер тәркіленді, – деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің үшеуі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Мұнымен қатар, Май ауданында да осыған ұқсас қылмыстың ізі кесілді. Мұнда 100-ден астам ірі қара малды ұрлауға қатысы бар деген күдікпен үш адам ұсталып, қамауға алынды. Бұл іс бойынша келтірілген залал мөлшері 20 миллион теңгеден асады.