Павлодарда қақпа салған мердігер жұмысына төлеген ақшаны қайтарып берді
Оған тапсырысты орындаушы жұмысты келісілген мерзімде аяқтамағаны себеп, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне қақпа дайындау мерзімінің бұзылуына байланысты тұтынушыдан өтініш келіп түскен.
Тұтынушы мен дайындаушы арасында құны 980 мың теңге болатын шарт жасалып, аталған сома толық төленген. Алайда тапсырыс белгіленген мерзімде орындалмаған.
Департамент мамандары тұтынушыға оның құқықтарын қорғау және орындаушыға талап қою тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
— Тауар дайындауға немесе қызмет көрсетуге шарт жасасқан кезде тұтынушы міндеттемелердің тиісінше орындалуына, оның ішінде келісілген мерзімдердің сақталуына құқылы. Алайда іс жүзінде орындаушылардың белгіленген мерзімді бұзу жағдайлары жиі кездеседі. Бұл тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеледі, - дейді департамент өкілдері.
Айта кетелік, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңына сәйкес, тұтынушылық дау туындаған жағдайда оны сотқа дейін реттеу тәртібі қарастырылған. Тұтынушы орындаушыға наразылықпен жүгіне алады. Ал жауап берілмеген немесе талаптарды қанағаттандырудан бас тартылған жағдайда, уәкілетті мемлекеттік органға жүгінуге құқылы.