Аққулыда бұрынғы енесіне былапыт сөйлеген әйелге ескерту берілді

Сот оны әкімшілік құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп таныды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аққулы аудандық соты отбасылық-тұрмыстық қатынастарда былапыт сөйлеу фактісі бойынша (ӘҚБтК 73-бап, 1-бөлім) әкімшілік құқық бұзушылық ісін қарады.
Іс материалдарына сәйкес, ағымдағы жылдың сәуір айында К. есімді әйел азамат Аққулы ауылында бұрынғы қайын енесінің үйінде жанжал шығарып, оған былапыт сөздер айтқан.
Сот отырысында әйел азамат өз кінәсін мойындамай, жанжалдың тұрмыстық себептерге байланысты болғанын айтып, хаттамада көрсетілген жайттарды жоққа шығарды. Жәбірленуші бұл оқиғаға қатысты өз түсініктемесін беріп, татуласпағандарын растады.
Полиция инспекторы құқық бұзушылық туралы хаттамада көрсетілген мән-жайларды растады. Сот жеңілдететін мән-жай ретінде К.-ның жас баласының барын, ал ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, оған ескерту түрінде әкімшілік жаза тағайындады.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.