Павлодарда Қадір түніне орай Құран хатым түсірілді

Павлодарда Қадір түніне орай Құран хатым түсірілді

Өңір жұртшылығы орталық мешітке жиналды, деп хабарлайды @Pavlоdarnews.kz тілшісі.

Бүгін Мәшһүр-Жүсіп атындағы орталық мешітке жиналған жамағаттың қарасы қалың болды. Қасиетті Қадір түні құлшылық жасауға Алланың үйіне асыққан павлодарлықтар ҚМДБ Павлодар облысы бойынша бас имамы Жолдас-Қажы Қоспақұлы түсірген Құран хатымға қатысты.

Бас имам жұртшылыққа Қадір түнінің қасиетін, оның ерекшеліктерін айтып, батасын берді.

- Айлардың сұлтаны Рамазан айы болса, түндердің ең қасиеттісі Қадір түні саналады. Өйткені бұл түні Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған. Қадір түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар. Жалпы "Қадір" деген сөздің өзі араб тілінен аударғанда "тағдыр" деген мағынаны береді. Сол себепті бұл түнде адамның бір жылдық тағдыры ғана емес, ризық-несібесі де жазылады, - деді Жолдас-Қажы Қоспақұлы.

Сонымен қатар, бас имам мың айдан да қадірлі Қадір түнінде тек таңға дейін ұйықтамай отыру мақсат емес екенін, бұл түндегі басты міндет құлшылық ету екенін атап өтті.