Павлодарда қаланың тарихи мозаикасына арналған жаңа мурал салынып жатыр
Ғимараттардың бірін алматылық суретшілер безендіруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, «Өнерлі шаһар» жобасы аясында кезекті муралды салу жұмыстары жалғасуда. Жаңа туынды Қамзин көшесі, 130/3 мекенжайындағы ғимараттың қабырғасына бейнеленуде.
Жоба авторлары жаңа муралға Павлодар жағалауындағы Кардиологиялық орталық ғимаратын безендіріп тұрған мозаикалық панноларды негіз етіп алған.
– Муралдың орталық бейнесі — қолына бояу білігін ұстаған, мозаика жасап жатқандай әсер қалдыратын бала. Бұл бейне қаланың мәдени мұрасын сақтап, оны жаңа туындылармен байыта отырып, туған шаһарын одан әрі көркейтуге ұмтылатын дарынды жандарды бейнелейді, – делінген хабарламада.
Туынды арқылы суретшілер ұрпақтар сабақтастығын, Павлодар тарихына құрмет пен туған қаланы көркейту идеясын жеткізуді көздейді.
Жаңа туындыны Алматыдан келген муралист суретшілер тобы салып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Өнерлі шаһар» жобасы аясында Павлодарда Қазақстанның әскери қызметшілеріне арналған «Батыр рухы» муралы, сондай-ақ «Қыз Жібек» муралы салынған болатын.
Посмотреть эту публикацию в Instagram