Павлодарда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің республикалық форумы өтті
Форумға жергілікті ұстаздардан бөлек, Абай облысы мен Астана қаласының мұғалімдері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, «Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияда» Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, мектеп түлегі Рамазан Тоқтаров атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған аймақтық форум өтті.
Форумда Павлодар облысындағы Ақтоғай, Успен, Шарбақты, Екібастұз, Ақсу, Аққулы аудандарының Абай мектептерінің және Абай облысы мен Астана қаласының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері өздерінің үздік тәжірибелерімен бөлісті.
- Әр ауданда орналасқан Абай мектептерінің мұғалімдерін шараға жиналған 100 мұғалім мұқият зерделеп, өз бағаларын берді. «Әдістемелік вернисажға» қатысқан ұстаздар Облыстық білім беру басқармасының дипломдары және Алғыс хаттарымен марапатталды, - делінген хабарламада.
Педагогтар жиынында І орын Астана қаласы №87 Абай атындағы мектеп -интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Лаура Рахимбаеваға бұйырды. Ал ІІ орынды Шарбақты ауданы білім беру бөлімінің Абай Құнанбаев атындағы ЖОББМ қазақтілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Айман Серигхан мен Хафиз Қайролла өзара бөлісті. Жүлделі ІІІ орынға Абай ауданы, Абай Құнанбаев атындағы Қарауыл мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлшат Тайғұлова лайықты деп танылды.
Өз тәжірибесімен бөліскен ұстаздарға «Ұстаз мерейі», «Өз ісінің шебері», «Тәжірибелі ұстаз», «Үздік идея», «Шебер ұстаз» атты номинациялары берілді.
Форумның екі жартысында «Рамазан Тоқтаров - тарланбоз жазушы» және «Әдебиет-өмір айнасы» атты пленарлық бөліммен жалғасын тапты.
Бұл бөлімде М.Әуезов атындағы әдбиет және өнер институтының Семей филиалының басшысы, ф.ғ.д., профессор Бауыржан Ердембеков, Торайғыров университетінің профессорлары, ф.ғ.д. Айтмұхамбет Тұрышев, Айман Зейнуллина, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Бекен Сағындықұлы, ф.ғ.к. Әділбек Әміренов, ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі, Р.Тоқтаровты зерттеуші Ф.Әміренов пен журанлист, ақын Айбек Оралқан, ардагер ұстаз Шарбат Жұмаділова Р.Тоқтаровтың сан қыры мен жазушылығы, «Абайдың жұмбағы» романындағы өзіндік қолтаңбасы, журналистика саласындағы еңбектері туралы сөз қозғап, жалпы Абай әлемі, Абай танымы, Ж.Аймауытов шеберлігі туралы тақырыптармен жалғастырып, қорытты.