Павлодарда қазақстандық мүсіншілер мен суретшілердің көрмесі ашылды

Павлодарда қазақстандық мүсіншілер мен суретшілердің көрмесі ашылды
Фото: автор

«Бейне мен рух» көрмесі 10 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде Республика күніне арналған және отандық бейнелеу өнерінің көрнекті өкілдерінің шығармашылығын біріктіріп отырған көрме ұйымдастырылуда. Экспозицияда 18 мүсіндік композиция мен 23 акварельдік туынды ұсынылған.

– Қазақ өнерінің ерекшелігі – онда әр суретші тек табиғатты немесе адамды бейнелеп қана қоймай, өмірдің мәні, адамның еңбегі мен рухани кеңдігі жайлы ой қозғайды. Бұл көрмеде біз сол рухты көреміз, – деді музей қорын сақтаушысы, өнертанушы, ҚР  Суретшілер одағының мүшесі Ольга Пашко.

Көрмедегі ең әсерлі туындылардың бірі – алматылық белгілі мүсінші Павел Широковтың «Кеңістік» атты еңбегі. Шығарма мыс металын соғу техникасында орындалған.

– Бұл туынды – Қазақстанға, еңбек адамдарына, кең дала мен еркін рухқа арналған. Қойшы мен оның қой отары бейнеленген. Мыс көгілдір түске енген – бұл табиғи тотығу. Мүсінде қозғалыс сезіледі: аттың жалы желмен тербеліп тұрғандай, қойшының кейпі сабырлы, бірақ қуатты болып белгіленге, – дейді Ольга Пашко.

«Кеңістік» – шексіз табиғат пен адамның ішкі еркіндігін бейнелейтін символ. Ол бейбіт өмірдің, еңбектің және жан тыныштығының көрінісі.

Көрмеде павлодарлық мүсінші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Какен Темірғалиевтің бірнеше еңбегі қойылған. Оның ішінде «Даналық бастауы» атты композициясында, автор қарт даналарды ойдың, сөздің қайнар көзі ретінде көрсетеді.

–  Мүсіншінің ойы ерекше – ол адам басын, данасын ыдыс тәрізді бейнелеген. Сол ыдыстан ой, даналық шығып жатыр. Шынында да, әңгіме кезінде жаңа ойлар, жаңа түсініктер туады ғой, – дейді музей қорын сақтаушысы.

Ал көпшіліктің назарын ерекше аударған Әбілхан Қастеевтің

 «Жайлау» атты еңбегі 1963 жылы салынған.

– Туындыда суретші қазақ халқының өмір салтын, табиғатпен үндес тіршілігін көрсетеді. Отарлы қойлар, жылқылар, сүт пен ет – адамның байлығы еңбекте екенін айқын бейнелеген. Ал басты бейне – киіз үй, яғни қазақтың мәңгілік үйі, оның өмірінің орталығы, – дейді өнертанушы.

Музей қорында бүгінде 6300-ден астам өнер туындысы бар.

Көрме күн сайын сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс жасайды.