Павлодарда Кеңес Одағының Батыры жайлы кітап жарық көрді

Павлодарда Кеңес Одағының Батыры жайлы кітап жарық көрді
Фото: Есенжол Исабек

Кітапта тың деректер жазылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қолдауымен жарық көрген Кеңес Одағының Батыры Серікбай Мүткенов туралы «Ерлік пен естелік» атты кітабының тұсауы кесілді. Кітап авторлары – музейдің ғылыми қызметкері Абзал Рымбек және ардагер ұстаз Нұраш Бейсембаева.

– Бұл кітапта жерлесіміз Серікбай Мүткеновтің туған туысқандарының естеліктерімен, жалпы ерлігі мен өмір дерегіне қатысты тың деректер жинақталды. Мұрағаттар мен архив музейлерден жинақталған тың мәліметтерді барынша қосуға тырыстық. Жалпы Серікбай Мүткеновтің өмірін маған дейін 30 жыл қатарынан Нәби Әбдірахманов деген атақты журналист зерттеген болатын. Әрине, ол кісі Кеңес Одағы кезінде батыр туралы ашық жаза алмады. Серікбай Мүткеновтің өмір дерегін барынша кеңестік идеологиямен жазған, – дейді Абзал Рымбек.

Ол тәуелсіз заманда Серікбай Мүткеновтің шынайы бейнесін ашуға, соғысқа дейінгі өмірін барынша ашық жазуға тырысқандарын атап өтті. Мысалы, Нәби Әбдірахмановтың берген кейбір деректерінде Серікбай Мүткеновтің әкесі Мүтке Серғазинов 1916 жылғы революцияға дейін қайтыс болған, ал анығына келетін болсақ, Серікбай туғанда Мүтке болмаған. Оның әкесі 1929 жылы  қудалау уақытында қара тізімге еніп, қудалауға ұшыраған. Сондықтан Серікбай өзінің әкесінің атын Мүтке деп өзгертуге мәжбүр болған.  

– Сол сияқты тұстары бар, туған анасы Айша емес, Айсан деген сияқты, 1937 жылы пед училищені сырттай бітіргені туралы жазылған. Яғни Нәби Әбдірахмановтың деректерінде 1932 жылы бітірген болса, архивтік деректерде Серікбай Мүткенов 1937 жылы төрт айлық курстан ғана өткен. Яғни 1936 жылы ғана педучилищеде сырттай бөлім мен қазақша бөлімі ашылған. Осындай тұстарын ескеріп, Серікбай Мүткеновтің өмір дерегін жаңаша жаздық, – дейді Абзал Рымбек.

Сондай-ақ, Серікбай Мүткенов 1943  жылдың 28 қазанында Днепр бойында ең алғашқы ерлігін жасаған. Сол ерлігінде ол Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Кейін 1944 жылдың қаңтар айында Резино ауылының тұсында екінші ерлік жасайды. Бірақ 1944 жылдың 15 қаңтарында сол жерде ерлікпен көз жұмады. Ұсынылған атағы 1944 жылдың ақпан айында ғана оған берілген. Көбі Серікбай Мүткеновтің Кеңес Одағы батыры атағын Резинода болған шайқас үшін алды деп ойлайды, бірақ ол бұл атақты Днепр бойында соғысқаны үшін алған. Егер Резинодағы ерлігі ескерілсе, Кеңес Одағы батырының атағын екінші мәрте алушы еді. Кітап авторлары осындай тың деректерді жазған.