Павлодарда қызметкерлердің біліктілігін арттыру белсенді жүргізілуде
Қазақстанда кәсіби біліктілікті арттыру жұмыстары мемлекет пен жеке азаматтар тарапынан белсенді жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Finprom.kz деректері бойынша, өнеркәсіп саласында 379 мың жалдамалы қызметкер жұмыс істейді. Солардың үштен бірі жұмыс беруші есебінен қайта даярлықтан немесе біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Қызметкерлердің жартысы мұнай өндіру, кен өндірісі және тау-кен өнеркәсібі компанияларында еңбек етуде. Айта кетейік, кәсіпорындар әсіресе білікті кадрларға қызығушылық танытып отыр.
Мониторинг агенттігінің хабарлауынша, жұмыс беруші есебінен қайта оқығандардың көбі – Павлодар облысында, 84,1 мың адам. Одан кейін Маңғыстау және Қарағанды облыстары келеді. Ал Жетісу, Жамбыл және Алматы облыстарында бұл көрсеткіш төмен.
Логистика саласындағы қызметкерлер цифрландыруға байланысты белсенді оқып, 60 мың адам қайта даярлықтан өткен. Денсаулық сақтау саласында кәсіби дамуды мемлекет қолдайды: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлер мен әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыруға ынталандырады. Жұмыс беруші есебінен қосымша оқудан 46,4 мың дәрігер мен әлеуметтік қызметкер өтті.
Ал қызмет көрсету, HoReCa (қонақ үйлер, мейрамханалар, кафе), өнер және жылжымайтын мүлік салаларында қайта оқыған қызметкерлердің саны төмен.
Қайта даярлыққа қатысқандардың тек төрт пайызы ғана білімсіз болса, қалғандары колледж немесе университет дипломына ие.