Павлодарда қоғамдық құтқарушылардың саны көбейді
Олар тұрғындардың судағы қауіпсіздігіне ғана жауап бермейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы төтенше жағдай депатаменті бастығының орынбасары Олег Трещев мәлім етті.
Өткен жылы 140-тан астам қоғамдық құтқарушы оқытылса, биыл олардың саны 170-ке жетті. Сондай-ақ, жұмысқа еріктілер де тартылады. Полиция мен құтқарушылар бейнекамералардың көмегімен жағажайда тәртіпті сақтайды.
– Құтқарушы міндетті түрде үнемі мұнарада отырып, өзенді бақылай алмайды. Жағалауда оның басқа да қызметтері бар. Жағажайды барлап, заң бұзушылықтар болса, тәртіп сақшыларына хабарлайды, – дейді Олег Трещев.
Оның айтуынша, өткен жылы тәртіп сақшылары 154 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның 92-сі шомылуға тыйым салынған жерде суға түскені үшін, 46-сы алкогольдік ішімдік ішкені үшін жауапқа тартылған.
Еске сала кетейік, биыл орталық жағажайда шамамен 180 шаршы метрді құрайтын балалар бассейні орнатылады. Екі қалалық жағажайға да сусын ішетін субұрқақтар, шезлондар, саңырауқұлақтар мен жуынатын орындар қосылды.